Блогердің сөзінше, Қазақстанда мешіт салғаннан гөрі, мектеп салуға ден қойған жөн, деп хабарлайды Caravan.kz. медиа-порталы.
Блогердің айтуынша мектептер тапшылығы әсіресе елорда сияқты үлкен қалаларда білінеді екен.
«Астананың амбассадорынан жаңалық. Өздеріңіз берген мәртебе. Астанада 2 жылдың ішінде 40 мектеп салыну жоспарланып отыр екен. Оның ішінде 14 мектептің құрылысы жүріп жатыр. 11-і биыл жаңа оқу жылында пайдалануға берілмек. Астана тұрғындарының да, туылған бала саны да жылдан жылға көбейіп келеді. Бүгін ОКҚ брифингінде Астана әкімі Жеңіс Қасымбек биыл 8-10 мың түлек бітірсе, ал биыл мектеп табалдырығын аттайтын оқушылар саны 24-25 мың екенін айтты.
Мектепте оқитындар саны оқуын аяқтап кеткендерден екі есе көп. Бұл көрсеткіштен мектептердің қажеттілігі бірден байқалады. Мешіттер сала бергенше мектептерді көбейту қажет деген пікірім қаншалықты орынды екенін енді түсіне беріңіз. Жұма намазына халық аптасына бір жиналады. Ал мектептерде балалар бес күн қатарынан білім алады. Ұрпақтың сапасы білімнен, білімнің сапасы шәкіртке жасалған жағдайдан басталады», — деп жазды ол.