Жарияланды: 630

МИ-8 тікұшағының бортындағылар түгел қаза тапқан

МИ-8 тікұшағының бортындағылар түгел қаза тапқан

Алматы облысында із-түзсіз жоғалған МИ-8 тікұшағы табылды,

- деп хабарлайды ҚР ТЖМ баспасөз орталығынан. Бүгін, 29 қараша күні түстен кейін Алматы облысындағы Жалаңашкөл маңында іздеуші-құтқарушы топ жоғалып кеткен МИ-8 тікұшағын тапты. Құлап түскен тікұшақтың қалдықтарының арасынан қаза тапқан (3) жолаушы мен экипаж (5) мүшелерінің денесінің бөлшектері бар. Құқыққорғаушы органдары өкілінің айтуынша, қазір қайғылы оқиға орын алған жерде жедел тексеру тобы жұмыс атқаруда. Олар тікұшақтың апатқа ұшырау себептерін тексереді. Естеріңізге сала кетсек, «Еуразия Эйр» авиакомпаниясына тиесілі Ми-8 тікұшақты іздестіру үшін 54 адамнан құрылған арнайы іздестіру-құтқару тобы құрылған. Іздестіру жұмыстарына 4 тікұшақ, сондай-ақ жерүсті және су техникасы, жергілікті елді мекендердің тұрғындары жұмылдырылған. ҚР Көлік және коммуникация вице-министрі Азат Бектұровтың басшылығымен іздестіру және құтқару бойынша үйлестіру орталығы жұмыс істеді. Жерүсті іздестіру шараларын жандандыру, іздестіру топтарын арттыру, әскери құрылымдарды тарту шешімі қабылданды. «Қазақстан ғарыш сапары» ҰК АҚ арқылы іздестіру аумағын ғарыш серіктері арқылы түсіруге тапсырыс берілді. Орын алған оқиғаның қоғамды алаңдатқанына байланысты ағымдағы жылдың 27 қарашасында тікұшақтың жоғалу фактісі бойынша көлік прокуратурасымен қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстық істі тексеру көліктегі ішкі істер органына тапсырылды. ҚР ІІМ Көліктегі ішкі істер департаменті басшысының бұйрығымен жедел-тексеру тобы құрылды. «Тікұшақты іздестірудің ұзақ уақытқа созылу себебі әуе кемесінде автоматты апаттық радиомаяктың болмауы», - деді Бас көлік прокуроры Ибрай Тілеуғалиев. Бақылау органының пікірінше, барлық тікұшақтар кем дегенде бір радиомаякпен қамтамасыз етілуі тиіс, бұл халықаралық Конвенцияға сәйкес келеді. Алайда бұл елдің қалыпты ережесінде орын таппаған. «Мен көлік прокурорларына жедел органмен бірлесіп Қазақстанның аумағында пайдалануға берілетін барлық тікұшақ парктерін тексеруді тапсырдым», - деген болатын И. Тілеуғалиев.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін