Ресми мәлімет бойынша, Қытайда қос азаматтығы үшін Қазақстанға шығуына тыйым салынған 19 адамның осымен 15-і босап отыр, деп жазды Абай.кз.
Астанада Үкімет жиынынан соң Азаттық тілшісінің сауалына жауап берген Әбдірахманов, сонымен қатар, Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданының билігі 675 этникалық қазақтың Қазақстанға шығуына қойылған шектеуді жою жағын қарастырып жатқанын айтты.
СІМ басшысы этникалық қазақтар немесе олардың Қазақстан азаматтығын алған туыстары Қазақстан азаматтарының қос азаматтық үшін қудаланатынын, Қазақстанда тұруға ықтиярхаты бар Қытай азаматтарының ұсталып отырғанын, Қытайдың Қазақстан азаматтығын алған қазақтарға зейнетақы төлеуді тоқтатқанына шағымданып жатқанын айтады.
Қытайда қазақтардың қысым көріп жатқаны туралы 2017 жылдың сәуір айынан хабарлана бастаған. Былтыр Астанада өткен Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы кезінде германиялық қазақ Өмірхан Алтын бұл мәселені Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында көтерген.
Мамыр айында министр Қайрат Әбдірахманов Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін "Қытай азаматтығынан шығу заңдылығын бұзған болуы ықтимал" деген күдікпен Қытайда ұсталған этникалық қазақтар туралы журналистер сауалына берген жауабында: "Бізде дәл қазір 170-тей этникалық қазақ туралы мәлімет бар. Әрбір адам бойынша жұмыс істеп жатырмыз" деп айтқан.