Бұл туралы Астанада республикадағы барлық білім басқармаларының өкілдерінің басын қосқан Ерлан Сағадиев мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«Ағылшын тілі туралы айтарым… Ең бастысы біз ата-аналармен, мектеп директорларымен, мұғалімдермен, оқушылармен көп сөйлестік. Демек, біздің ұсынысымыз мынадай: 2019 жылы, тіпті 2018 жылдан бастап «еріктілік қағидатын» белгілі бір мерзімге енгізсек… Демек, мектеп өзі дайын болса, ата-аналар өздері келіссе — мархабат, мектепте ағылшын тілінде сабақ бере берсін», — дейді министр.
Ерлан Сағадиев өз сөзінде бұл бағытта әртүрлі ұсыныстар талқыланып жатқанын атап өтті.
«Екіншіден, 2019 жылдан бастап ағылшын тілінде міндетті түрде оқытылатын пәндер бола ма? Осы сұраққа байланысты бізге мынадай атап өтерлік ұсыныс түсті: «бір ғана пәнді 10-11 сыныптарда ағылшын тілінде міндетті түрде өтетіндей етейік» деген. Сонда барлық мектептер жоқ дегенде бір пәнді, ары кеткенде төрт пәнді ағылшын тілінде оқыта бере алады. Шартты түрде айтар болсақ, физика, химия, ІТ және биологияны ағылшын тілінде оқығысы келсе, мейлі оқыта берсін. Егер қаламаса өздері шешеді. Бірақ, бір пәнді міндетті түрде қалдыру керек», — дейді ол.
Министр сонымен бірге, 2,5 ай бойы талқылап келе жатқан мәселе — шағын жинақты мектептерге еріктілік құқығын беру екенін жеткізді.
«Оларға ағылшын тілінде пәнді оқытудың қажеттігі бар ма? 2,5 айдың ішінде біз әр мектептің есігін қағып, осыған байланысты ойын білуіміз керек. Біздің зерттеуіміз бойынша ата-аналардың 85 пайызы осыны қалайды (ағылшын тілінде оқытуды — авт.) Біз үштілділік бағдарламамыз үшін алаңдамаймыз. Еріктілік қағидаты қаншаға созылатыны — ол төртінші сұрақ. Оған екі жарым айдың ішінде жауап беру керек. Шолпан Таңатқызы (ҚР БҒМ өкілі — авт.) талқылау бойынша министрліктің ұстанымын жеткізген болатын. Мен сіздерге осы ұстанымды растағым келеді. Біз бұны жалпыхалықтың талқылауға саламыз», — деп түйді Ерлан Сағадиев.