Министр үздік ұстаздарды мектепке тәлімгер ретінде тартуды тапсырды - kaz.caravan.kz
  • $ 517.16
  • 588.48
+22 °C
Алматы
2025 Жыл
25 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Министр үздік ұстаздарды мектепке тәлімгер ретінде тартуды тапсырды

Министр үздік ұстаздарды мектепке тәлімгер ретінде тартуды тапсырды

Жас мұғалімдерге бағыт-бағдар беру мақсатында тәжірибе алмасу алаңдарын ұйымдастыру қажет

  • 15 Сәуiр
  • 7
ФОТО: Үкімет отырысы

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Sputnik.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев білім басқармаларына үздік ұстаздарды мектепке тәлімгер ретінде тартуды тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сондай-ақ жас мұғалімдерге бағыт-бағдар беру мақсатында тәжірибе алмасу алаңдарын ұйымдастыру қажеттігін айтты.

Үздік педагогтермен, ардагер ұстаздармен онлайн форматта өткен кездесуге еліміздің барлық өңірінен 100-ге жуық педагог қатысты. Ол қазіргі білім беру жүйесіндегі және қоғамдағы мұғалімнің рөлін талқылауға арналды.

Қазақстан педагог мәртебесін көтеру мақсатында түрлі мемлекеттік қаржылық қолдау тетіктерін енгізген санаулы елдердің бірі. Мемлекеттік марапат иегерлері, үздік педагогтер және шәкірті халықаралық олимпиадаларда үздік нәтиже көрсеткен мұғалімдерге 1000 АЕК көлемінде сыйақы қарастырылған.

«Мемлекет марапатына ие болған ұстаздар ұлттың мақтанышына айналуы керек. Біз оларды алты алаштың төріне шығару арқылы бүкіл педагогтерге ұстаз еңбегінің лайықты бағаланатынын көрсетіп, жетістікке жетуге ынталандырамыз», – деді Ғани Бейсембаев.

Жиын барысында Қазақстанның Еңбек Ерлері Гүлжанар Нұрпейісова, Алма Шүкіжанова, «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» Нағиша Есбосын және «Еңбек ардагері» Орынша Қарабалина сөз сөйлеп, өз тәжірибелерімен бөлісті.

«Менің 54 жылдық ғұмырым мектеп қабырғасында өтті. Ұстаз үшін ең үлкен марапат – шәкіртінің жетістігі. Себебі ұстаз болу – тек білім беру емес, ел болашағын тәрбиелеу», – дейді 93 жастағы ардагер ұстаз Орынша Қарабалина.

Айта кетері, бүгінде білім беру саласында 5 «Еңбек Ері» мен 74 «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» еңбек етуде. Сонымен қатар жыл сайын өткізілетін «Үздік педагог» республикалық байқауының 700-ден астам жеңімпазы бар.

Қазіргі таңда министрліктің бастамасымен білім беру ұйымдарында «Қазақстанның Еңбек ері» және «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атанған педагогтердің фотогалереялары ашылуда.