Министрлік АЭСке қатысты халықтың көкейіндегі сұрақтарға жауап берді - kaz.caravan.kz
  • $ 478.93
  • 534.96
+13 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Қыркүйек
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Министрлік АЭСке қатысты халықтың көкейіндегі сұрақтарға жауап берді

Министрлік АЭСке қатысты халықтың көкейіндегі сұрақтарға жауап берді

Журналист Сәуле Әбілдаханқызы халық пен қоғам белсенділерін қызықтыратын сұрақтарды тізіп шыққан.

  • 19 Қыркүйек
  • 11
Фото: ашық дереккөз

ҚР Энергетика министрлігі Атом энергетикасы және өндірісі департаментінің берген жауабы мынадай, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

1. АЭС құрылысын Ресей жүргізеді ме? Неге Ресей?

Ресей нақты құрылысшы болады деген шешім жоқ, сұрағыңыз басынан қате, — дейді. — Алдымен АЭС салу туралы шешім қабылдануы керек, оны халық референдумда шешеді. Егер құрылысқа қолдау білдіріп, дауыс берсе, содан кейін шорт-листқа кірген 4 компанияның ішінен таңдалады, сіз асықпаңыз, — дейді. — Олардың арасында Франция, Қытай, Оңтүстік Корея мен Ресей бар екен. Сосын олардың ұсынатын коммерциялық ұсыныстарын қарап, сосын соның арасынан ең тиімдісін таңдап алады екен.

2. АЭС қанша жылда салынып бітеді?

Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, 8-10 жыл шамасында екен. Яғни, кемінде он жылға созылатын құрылыс.

3. АЭС те Алтын Орда көпірі, ЛРТ сияқты «көгеріп», «сасып», «құрттап», кеміргіштер кеміріп кетпей ме?

АЭС құрылысы – экономикалық тұрғыда тиімді жоба, сондықтан оның құрылысының созылып кеткені тиімсіз дейді. Атом энергетикасы саласы темірдей тәртіп орнаған жер дейді. Мұнда бәрі мерзімімен, жоспармен жүреді екен. Құрылыс толықтай МАГАТЭ-нің, атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік, солардың бақылауымен жүреді. Әрі АЭС құрылысы деген – миллиондаған қаражат құйылатын жоба болғандықтан, бәрі уақытылы әрі сапалы жасалуы құрылысшылардың беделіне қатты әсер етеді екен. Сондықтан құрылыстың созылып кетуі немесе тоқтап қалуы мүмкін емес дейді.

4. АЭС салынып біткен соң қожайыны біз боламыз ба, Ресей бола ма?

Бұл сұрақтың жауабын жоғарыда айтқандай, ең үздік ұсыныс тастаған елмен бірлесе отырып, құрылыс жүретін болады. Осы тұста айта кететін бір жайт, құрылысшы кім болса да, қай ел болса да, түптеп келгенде оның қожайыны Қазақстан, сондықтан билікті басқа біреу алып кетеді, тізгінді басқа ел ұстап кетеді деп қорқу – бос үрей, — деп сендіріп отыр.

5. Келесі мәселе – АЭСті салу үшін қанша қаржы жұмсалмақ? Ол қаржыны қай елден қарызға алмақ? Қанша пайызбен, қанша жылға?

Оған жауап мынадай: әлі өзіміздің тәжірибеде болмағандықтан, тағы да әлемдік тәжірибеге сүйенсек, АЭС құрылысы шамамен 10-12 млрд доллар қажет етеді екен. Оның 85%-ы қарызға алынған қаражат болады дейді, оны не құрылысшы мемлекеттен, не әлемдік банктерден алуға болады. 20 жылға алынатын қаражат екен. Сонда ипотекаға үй алып, сосын оны 20 жыл төлеп отыратын өзіміз сияқты ғой.

6. Ол АЭС пайдалануға берілген соң электр, жылу төлемдері арзандай ма? Қанша пайызға арзандайды?

Әлі тариф анықталған жоқ, бірақ АЭС-тің 60-80 жыл қызмет ететін тұрақтылығын ескерсек, бағасы басқа баламалы энергия көздерімен салыстырғанда әлдеқайда арзан болады, — дейді. Қанша болатынын тек іске қосылғанда білетін сияқтымыз. Енді әлем елдері атом энергетикасын жаппай пайдаланып жатқан елдерде қалай өзі, арзан ба?

7. АЭС экономикалық, экологиялық пайдалы жоба болады деп жүріп, болашақта экономикалық та, экологиялық та, саяси да, әлеуметтік те ең қауіпті жобаға айналмай ма?

Қазіргі АЭС-тер, соның ішінде Қазақстан салғалы отырған атом станциясы барлық мүмкін болған апаттардың алды алынған, қауіпсіз жоба дейді. Технологиялық тұрғыда мінсіз, қандай да бір адами фактор орын алса, не қандай да бір қателік болып қалса, бірін-бірі сақтандырып отыратын бірнеше қауіпсіздік жүйесі бар. Апат орын алу ықтималдығы 10 млн жылда тек бір рет. Жалпақ тілмен айтсақ, қауіпсіз екен, апат болмайды, экологияға зияны жоқ, керісінше ең таза қуат көзі осы, — дейді.

8. АЭСті салушы мемлекетпен арадағы келісімшартты ашық жариялап, халық талқысына салынады ма?

Жалпы халық АЭС құрылысына қолдау бірдірсе, онда ертең құрылыс барысы толығымен ашық өтеді. Маңызды ақпарат: бұл коммерциялық ұсыныс болғандықтан, жариялануға жатпайтын тұсы бар, ол заңмен қорғалатын құпия ақпарат. Бұл екінің бірі шарттардың мазмұнын біліп алып, ертең бәзбіреулердің оны өз мүддесіне пайдаланып кетпеуі үшін жасалатын сақтық шаралары десек те болады.

9. АЭСтің отынын өзіміз өңдейміз бе, әлде Ресейге уранды беріп, одан өңделген отынды сатып аламыз ба? Алдымен уранды өндіріп қана қоймай, оны осы мақсатта өңдеуге халықаралық рұқсат алу керек қой.

Қазақстан қазір уран өндіру бойынша әлемде 1-ші орында, ал уран қоры бойынша 2-ші орында екен. Қазір әлемнің 31 елінде АЭС қызмет етіп тұр, 30 елінде құрылысы жүріп жатыр. Бірақ олардың 10%-ға жетер-жетпесінде ғана біздікіндей мүмкіндік бар. Сондықтан қолымызға осындай уран қоры бола тұра әлі АЭС мүмкіндігін пайдаланбай келе жатқанымыз қызық екен, — дейді. Уранның мол қоры барын, оны өндіретінімізді онсыз да білеміз ғой. Өңдей аламыз ба? Мәселе сонда. Негізгі сұрақ та сол еді…

10. АЭС реакторларын суытамыз деп Балқаш көлінен айырылып қалмаймыз ба? Ауызсуға жарымай отырып, ертең фауна мен флора қырылып қалмай ма? Саусақпен санарлық 3-4 қана көліміз бар.

АЭС-тің Балқаштағы су деңгейіне еш әсері болмайды, себебі АЭС-ті суытуға кететін булану Балқаш бетінің булануының тек 0.32% алады дейді. Әрі АЭС-ті салқындату үшін арнайы технологиялар пайдаланылады, ал олардың Балқашқа еш қатысы да, әсері де жоқ. Алаңдауыңыз негізсіз, — дейді.