Молданың арақ сатқаны айып па? - kaz.caravan.kz
  • $ 447.4
  • 477.55
+7 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Молданың арақ сатқаны айып па?

Молданың арақ сатқаны айып па?

Мен өзім атеистік қоғамда тәрбиеленіп өссем де, неге екенін қайдам, бойымда молдалыққа деген ықылас болды.

  • 3 Сәуiр 2019
  • 51
Фото - Caravan.kz


Өзімше құран аяттарын жаттып, кішігірім жиында құран оқып жүрдім. Ықылас болғандықтан ба, құран аяттарын тез жаттап алатынмын. Оның сырын соңынан ұқтым. Кейін білсем, біздің арғы бабамыз үлкен молда болған кісі екен. Сөйтіп ауылда бейресми молда атандым. Алайда, кейіннен молдалықты кәсіпкерлікпен алмастыруға мәжбүр болдым. 

Кеңес үкіметі кезінде техникум бітіріп, совхозда механик болып жұмыс істегем. Совхоз тараған соң жұмыс та тоқтады. Сол кезде аудандық мешітке барып, алты ай тәлім алып, молда атандым. Менің молда болуымды күткендей, ауыл мешітінде молда болған жоқ. Аудандық мешіттің имамы ауылға келіп, жамағатты жинап, мені ауыл мешітіне молда етіп тағайындады. Ауыл тұрғындары да қуанып қалысты. Өйткені ауылда молда болмағандықтан, біреу қайтыс болса жаназасын шығарту үшін молданы ауданнан алдыратын. Енді міне өз молдалары бар. Ресми молда етіп тағайындағанмен маған айлық жалақы тағайындаған емес. Өйткені мешіт молдаларына жалақы тағайындалмайды екен. Сондықтан құран бағыштау, жаназа шығару деген сияқты амалдардан түскен ақшаны мешіттің оны-мұнысына, отбасы қажеттілігіне пайдаланатынмын. Кейде, мешітке келіп, Алла разылығы үшін деп ақша қалдырып кететіндер де болатын (бірақ ондайлар өте аз еді). 

Балалар өскен соң отбасында қаржы тапшылығын сезіне бастадық. Содан әйел, бала-шағамен ақылдасып, үйдің алдынан дүкен ашуды ұйғардық. Кішкентай дүңгіршек тұрғызып, ұсақ-түйек саудаға кірістік. Әсте-әсте сұраныс өсіп, екі-үш жылдан соң дүңгіршекті дүкенге айналдырдық. Табыс та жаман емес. Бір күні балалар сұраушылардың көп екенін айтып, «сыра сатайық» деп ұсыныс жасады. Алғашында қарсы болғам, байқасам соған орай дүкенге келушілер азайып, табыстан маза кете бастапты. Егер тауар түріне сыра қоспасақ табыстан мүлде қағылатын түріміз бар екен. Өйткені, ауылда дүкен көбейген, алушылар сыра сататын дүкенге барады да қалған қажетті заттарын да сол дүкеннен алады.

Арадан тағы біраз уақыт өткенде арақ-шарап сатуды да қолға алдық. Алғашында ыңғайсызданғам. Бірақ балалар «онда тұрған не бар?» деп басу айтты. Расымен де, онда тұрған не бар?

Базбіреулер «молда арақ сатып жүр» деп ауыл адамдарын маған қарсы қойды. Кей жиындарға мені шақырмайтын да болды. Мешітке жұма намазға келушілер де азайды. Мен өзім арақ-шарап ішпеймін. Ешкімге де іш деп үгіт жасамаймын. Ондай болса, менің күнәм неде? Егер ауылда еш дүкен арақ-шарап сатпай, тек біздің үй ғана сатып отырса, онда айыптаумен келісер едім. Жарайды, мен арақ-шарап сатпайын, бірақ қалаушы оны басқа дүкеннен алады ғой. Онда менің бала-шағамды кім асырайды? Маған молдалық үшін ешкім айлық бермейді ғой. Аннан-мыннан түскен азын-аулақ ақшамен балаларымды қалай жеткізем? Сонда балаларымды елден кем қылмайын деп кәсіппен айналысқаным айып па? Молдалықтан түскен ақша бала-шағаны асырауға жетіп жатса, арақ сатып нем бар?!

Осы жағдайды ауыл адамдарына айтып түсіндіре алмадым. Біреулер шынымен де «имандылық жолында жүрген адамға арақ-шарап сату күнә» деп ұқса, арасында біздің жағдайымыздың жақсарғанын көре алмаушылар да болды. Сөйтіп, ауылда алып-қашты әңгіме көбейді. Бұл әңгіме көрші ауылдарға да тарады. Тіпті, өздерін дін жолын ұстанғанбыз деуші танымайтын біреулер келіп, «арақ-шарап сатуды қоймасаң дүкеніңді үйіңмен қоса өртеп кетеміз» деп қоқан-лоққы да көрсетті. Байқасам, болмайтын түрі бар. Содан молдалықты қойып, кәсіпкер атандым. Шынын айтайық қазір әркім өзінше пәтуа шығарған заман болды ғой. Бірақ кейбір нәрселерді заманына қарай түсіністікпен қарауға да болатын секілді. Өйткені мұның бәрі уақыт өте бейімделетін нәрселер емес пе?! Білмеймін менің түсінігім сондай. 

Бір қызығы ресми молдалықты қойған соң ауылда жамағат жиналған жерге құран оқып бер деп шақырушылар көбейді. Жаназа шығаруға да шақырады. «Оу, мен ресми молда емеспін, оған қоса арақ-шарап сатумен айналысамын ғой» десем, «молданың айтқанын істе, істегенін істеме деген» деп әзілге айналдырады. Бірақ бір байқағаным, ауылдастарым бала-шағасын бағу үшін молданың арақ сатқаны айып емес екенін түсінген сияқты. 

Құрметті жамағат! Сіз қалай ойлайсыз, бала-шағасын қатарынан қалдырмай асырап-бағу үшін молданың арақ сатқаны айып па?

 Шахи Әбілқасым, Алматы облысы

Соңғы жаңалықтар