Жарияланды: 420

Монғолия мен Қазақстандық парламентшілер өзара ықпалдастықты пәрмендендірмек ниетте

Бүгін, 22-желтоқсанда Астанада ҚР парламенті мәжілісінің жетекшісі Жармахан Тұяқбай Монғолия Мемлекеттік Ұлы Құрылтайының төрағасы Санжбэгзийн Төмөр-Очирмен кездесіп, екі жақты комиссиялар мен жұмыс топтары аясында екі ел парламентшілерінің өзара ықпалдастығын пәрмендендіруге шешім қабылдады. Бұл туралы KZ-today тілшісіне мәжілістің баспасөз қызметінен хабарлады.

Екі ел парламенттерінің жетекшілері өзара ынтымақтастықты нығайтуда тиімді әрі ықпалды заңдардың атқаратын ролін айрықша бағалады. "Екі ел арасында басқаға үлгі боларлықтай ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндіктер мен алғышарттар толық жасалған",- деп атап көрсетті төрағалар. Баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесуде екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамытуға түрткі болатын айрықша маңызды салалар ретінде энергетика және ауылшаруашылығы аталды. Атап айтсақ, Монғолия парламентінің төрағасы "өз елі тарапынан қазақстан мұнайы мен астығын экспорттауға үлкен қызығушылық танытып" отырғанын жеткізді. "Біз соңғы екі жыл бойы елімізде орын алған қуаңшылықтың орнын толтырмақ ниеттеміз",- деді С.Төмөр-Очир. Ал "өз кезегімізде біз Монғолия тарапынан сапалы әрі арзан монғол етін ұсына аламыз",- деді ол. Монғолиялық парламентшілер сондай-ақ, "Эрдэнэт" мыс-молибден комбинатының Қазақстанға берген мыс концентраты үшін есеп айырысу мәселесін де көтерді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін