Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі республикалық агенттіктің төрағасының орынбасары Нұрлан Алдабергеновтың айтуынша, қазір агенттік басты жұмыс бағытына жатпайтын қызмет түрлері бойынша нақты шешім қабылдау үшін табиғи монополия субьектілерінің жұмысына талдау жасап аяқтап келеді.
Алдын-ала қорытынды бойынша, Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі республикалық агенттіктің орталық аппараты жұмысын реттейтін 17 табиғи монополия субьектісінің басты жұмыс бағытына жатпайтын 49 қызмет түрі, ал агенттіктің аумақтық бөлімшелерінің қарамағындағы 28 субьектінің 69 қызмет түрі аталмыш тізімге енгізілді.
Агенттік мәліметіне сәйкес, монополистер көбінесе орын-жайды жалға беру, жобалық-сметалық құжаттарды жобалап жүзеге асыру, тұрғын үй және өндірістік нысандар салу, әлеуметтік сала қызметтері, соның ішінде мейманхана, туристік, медициналық-сауықтыру қызметі, сондай-ақ, су құбыры жүйесі және энергетика секторындағы кәсіпорындар тарапынан есептегіш құралдары орнату және жөндеп беру қызметтерін көрсететін болып шықты.
Осындай мысал ретінде Н.Алдабергенов Бурабайда дауажай және шипажайларда сауықтыру қызметін көрсететін «Қазақстан Темір Жолы» ҰК, Ақтауда сауықтыру кешенін иемденетін, мектепке дейінгі балалар мекемесінің қызметін көрсететін, қосалқы шаруашылыққа арналған жер учаскелері бар «ҚазТрансОйл» АҚ сынды монополистерді атады. Алматыдағы халықаралық әуежай кір жуу қызметі, балабақша, мәдениет сарайы, стадион және шаштараз қызметін көрсетсе, Астана әуежайы мейманхана және дәрігерлік қызметті, KEGOC АҚ-ның иелігінде дербес көкөніс қоймасы, азық-түлік және жиҺаз дүкендері мен балабақшасы бар. «Қазақтелеком» АҚ Талдықорғандағы өзіне қарасты профилакторийде емдеу-сауықтыру қызметін көрсетсе, Ақтаудағы «Жылу су құбыры желісі» КҚК көлік қызметін көрсетіп, тыңайтқыштар саудасымен шұғылданады. Сонымен қатар Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі республикалық агенттіктің мәліметі бойынша, «ҚазТрансОйл» АҚ мен «Қазақтелеком» АҚ «Ұлар -Үміт» зейнетақы жинақтаушы қорынан үлес иемденеді.
Н.Алдабергеновтың айтуынша, монополистердің басым бөлігі әкімшіліктердің қарамағында. Қазір олар да басты жұмыс бағытына жатпайтын қызмет түрлерін айқындаумен айналысуда. Оның айтуынша, жергілікті атқарушы билік мекемелері өздеріне қарасты 113 табиғи монополия субьектілері атқаратын осындай 350 қызмет түрін анықтады. «Жергілікті жерлерден толыққанды ақпаратты біз ертең аламыз»,- деді ол.