Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы халықаралық медицина орталығымен ай сайын 30 адамға тегін ем-дом жасауға уағдаласты.
Бұл туралы Caravan.kz порталы sputniknews.kz-ке сілтеме жасап хабарлады.
Қайырымдылық акциясы діни басқарманың 30 жылдық мерейтойына орай қолға алынып отыр.
Нұр-Сұлтан қаласында бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы халықаралық "Жас-Ай" медицина орталығының бас директоры, бас дәрігер Жасан Зекейұлын қабылдады.
Кездесуде мүфтияттың "30 жылдық мерейтойға – 30 игі шара" аясында 30 адамға тегін ем-дом жасау мәселесі жан-жақты талқыланды.
"Жас-Ай" медицина орталығының бас директоры бұл бастамаға қолдау көрсететінін мәлімдеп, мүфтияттың нұсқамасымен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан ай сайын 10 адамды, барлығы 30 азаматты тегін емдеуге уәде берді", — деп хабарлады ҚМДБ.
Тараптар осы бастама аясында ортақ игі жобаларды жүзеге асыруға уағдаласты.
Діни басқармадан мәлімдегендей, 30 адамды тегін емдеу акциясы жыл соңына дейін жалғасады.