Мұғалім білікті, нәтиже төмен: Қазақстандық оқушылар әлемдік стандарттан үш жылға қалып келеді - kaz.caravan.kz
  • $ 504.49
  • 587.73
-3 °C
Алматы
2025 Жыл
5 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Мұғалім білікті, нәтиже төмен: Қазақстандық оқушылар әлемдік стандарттан үш жылға қалып келеді

Мұғалім білікті, нәтиже төмен: Қазақстандық оқушылар әлемдік стандарттан үш жылға қалып келеді

Біздің оқушылардың PISA стандарты бойынша артта қалып қойған.

  • 7 Қазан
  • 17
Фото: kaktus.media

Білімге ерекше ден қойып отырған Қазақстан қай жерден ұтылды? Caravan.kz медиа порталы анықтап білді. 

Алпыс жыл бұрын, яғни Кеңес Одағы кезінде алғаш рет мұғалімдер күні аталып өтті. 1965 жылдан бастап бұл мереке қазан айының алғашқы жексенбісінде тойланып келді. Ал 1994 жылы халықаралық күнтізбеге енгізіліп, 5 қазанға бекітілді. Бірнеше жыл бұрын Қазақстан да халықаралық күнтізбеге өз мерекесін сәйкестендірді. Адам капиталы ең басты ресурс саналатын ел үшін мұғалімдер күні тек педагогтарды құттықтау ғана емес, сонымен қатар білім саласының ахуалын бағалайтын символдық меже болып отыр.

Ресми деректерге сүйенсек, білім беру саласында 1,2 миллионға жуық адам еңбек етеді. Яғни, экономикалық белсенді халықтың 13 пайызы. Бұл көрсеткіш тау-кен және өңдеу өнеркәсібінде жұмыс істейтіндердің жалпы санынан да (910 мың адам шамасында), ауыл шаруашылығындағы (1 миллионнан сәл астам) және құрылыс саласындағы (665 мың) жұмыскерлерден де көп. 1,2 миллион адамның ішінде мұғалімдер ғана емес, тәрбиешілер, жоғары оқу орындары мен колледждердің оқытушылары, әкімшілік қызметкерлер, психологтар, кітапханашылар және техникалық қызметшілер кіреді. 

Қазақстан мұғалімдер күнін бірнеше кәсіби датаға бөліп тойлай бастады. 2023 жылы Жоғары білім қызметкерлері күні енгізілді, ал 2024 жылы техникалық және кәсіптік білім беру қызметкерлерінің күні пайда болды. Сонымен қатар, ресми бекітілмесе де, 27 қыркүйекте тәрбиешілер мен мектепке дейінгі білім беру қызметкерлерінің күні де атап өтіледі. Яғни, алдағы уақытта мұғалімдер күні тек мектеп педагогтарына арналуы мүмкін.

Қазір еліміздегі мектептерде 406,6 мың педагог жұмыс істейді, соның ішінде шамамен 353 мыңы — мұғалімдер. Олардың 348,5 мыңы жергілікті атқарушы органдардың қарамағындағы жалпы білім беретін мектептерде, ал 4,5 мыңы республикалық бағыныстағы ұлттық мектептер мен мекемелерде еңбек етуде.

Кеңес дәуірінен бері не өзгерді?

Деректерге сүйенсек, айтарлықтай алға жылжыдық. 1989 жылы, яғни Кеңес Одағы ыдырар алдындағы кезеңде, Қазақ КСР мектептерінде 217 мың педагог жұмыс істеген (директорлар мен оқу ісі меңгерушілері қоса есептегенде). Ол кезде 3 миллион 117 мың оқушы білім алған. Ал бір мұғалімге 14,4 оқушыдан жүктеме түскен. Бүгінде 3 миллион 545 мың оқушы бар, яғни, 1 мұғалімге 10,2 оқушыдан келеді. Жүктеме бір жарым есе азайған. Десе де, оқыту сапасына оң әсерін бермей отыр. 

PISA көрсеткіштері

PISA-2018 зерттеуі бойынша, қазақстандық оқушылар оқу, математика және жаратылыстану салаларындағы сауаттылықтан ресейлік оқушылардан 65-98 баллға төмен нәтиже көрсеткен. PISA әдістемесінде 30 балл шамамен бір оқу жылына тең, сондықтан қазақстандық жасөспірімдер орта есеппен 2-3 жыл артта қалған. 2022 жылғы зерттеуде тек жаратылыстану сауаттылығы бойынша 26 баллдық өсім байқалған, десе де, жалпы көрсеткіштер айтарлықтай өзгермеген.

Мысалы, Эстонияда 165 мың оқушыға 16,9 мың мұғалім келеді (1:9,8), бұл Қазақстанмен шамалас арақатынас. Алайда эстониялықтар төмен жүктеменің артықшылығын тиімді пайдаланып, жоғары нәтижеге қол жеткізуде.

Мұғалім мамандығының беделі және «артық даярлау» қаупі

Қазақстанда педагогикалық мамандықтарға түсушілердің саны жыл сайын артып келеді. Грантқа түсу балы да жоғары, яғни бұл бағытқа қызығушылық тұрақты. Педагогикалық мамандықтар жоғары оқу орындарындағы барлық студенттердің шамамен үштен бірін құрайды, жыл сайын 50 мыңға жуық түлек мұғалім дипломын алады. Бұл – мамандықтың беделді екенін білдірсе де, бір мезетте «мамандардың артық даярлану» қаупін туғызады. Әсіресе қазақ сыныптарына арналған мұғалімдер арасында мұндай жағдай айқын көрінеді, ал орыс тілді жастар арасында педагог болғысы келетіндер аз. Пәндік теңгерімсіздік те бар, мысалы, дене шынықтыру мұғалімдерінің саны 29 мыңға жеткен, бұл математика пәні мұғалімдерінен де көп. Алайда олардың орташа жүктемесі Ресейдегіден екі есе төмен, ал оқушылардың дене дайындығы деңгейі жоғары деп айтуға келмейді.

Бүгінде Қазақстан ең ауқымды әрі материалдық тұрғыдан жақсы қамтамасыз етілген педагогикалық корпустың бірімен мақтана алады. Бірақ бұл сандық артықшылықтар мен жалақы деңгейі халықаралық білім сапасы көрсеткіштеріне әлі айналған жоқ. Демек, мәселе мұғалімдердің саны не еңбекақысында емес, білім беру мазмұнында, оқыту әдістемесінде, біліктілікті арттыру жүйесінде және жалпы білім беру ортасының сапасында жатыр.

Перейти к новостям спорта