”Мұғалімдердің не жазығы бар”: Депутат “Алатау серілері” тобын мәжбүрлеп билет алдырып жатыр деп айыптады - kaz.caravan.kz
  • $ 515.03
  • 584.82
+25 °C
Алматы
2025 Жыл
27 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
”Мұғалімдердің не жазығы бар”: Депутат “Алатау серілері” тобын мәжбүрлеп билет алдырып жатыр деп айыптады

”Мұғалімдердің не жазығы бар”: Депутат “Алатау серілері” тобын мәжбүрлеп билет алдырып жатыр деп айыптады

Дәулет Мұқаев “Алатау серілері” тобының концертіне билеттер мұғалімдерге мәжбүрлі түрде сатылып жатқанын айтып, дабыл қақты.

  • 16 Сәуiр
  • 41
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Аталған заңсыздықты депутатқа Instagram желісіндегі оқырмандары мәлімдеген.

“Сәлеметсіз бе, Дәулет мырза. Алматы қаласында колледж оқытушысы болып жұмыс істеймін. Біздің әріптестерімізге 1-ші мамыр болатын Алатау серілерінің концертіне қинап 5000 теңгеден билет алғызып жатыр. Оқытушылар мен студенттерден ақшаны қолма-қол жинап отыр. Осы мәселе бойынша қайда жүгінсек болады? Үнемі осылай ақша жинатады. Атым жасырын болсыншы”, – деген депутаттың оқырманы. 

Дәулет Мұқаевтың сөзіне сенсек, ол мұндай мазмұндағы хаттарды жиі алатын көрінеді.

 
“Осы мазмұндағы хаттар жиі келіп жатады. Мұғалімдерді концертке билет алуға мәжбүрлеу – заңсыз! Білім саласының қызметкерлерінен, атап айтқанда колледж, мектеп мұғалімдерінен “Алатау серілерінің” концертіне 5000 теңгеден билет алуды талап етіп жатыр деген бірнеше хат келді. Бұл – өрескел заңбұзушылық. Ешкімді еркіне қарсы қандай да бір шараға қатысуға немесе билет сатып алуға мәжбүрлеуге болмайды. ҚР Еңбек кодексіне және “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңға сәйкес, мұндай мәжбүрлеу — қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану болып табылады.

Мұғалім — білім беруші, сатылатын көрермен емес. Егер сіз осындай қысымға тап болсаңыз, тиісті органға шағым түсіріңіз.

Республика сарайына адам толмай жатса, мұғалімдердің не жазығы бар?! Шағын сахналар да концерт беруге болады. Көресіздер, мына посттан кейін мәжбүрлі билет алдыруға қатысты білім бөлімі де, “Алатау серілерінің” жігіттері де ештеңе білмей шығады”, – деп жазды Дәулет Мұқаев.

Желі қолданушылары мұндай “қинап билет алдыратын” заңсыздықтың барлық мектепте кездесетінін жарыса жазуда.

”Мұғаліммін, ай сайын қинап театрға билет алдырады. Оған бармаймын да”, “Неге билет сата алмаса концерт береді. Өзім де мұғаліммін осындайлардан шаршадық әбден”, “Бәрінің шамасы тек бізге жетеді. Енді бұдан былай бірден антикорға шағым түсіру керек”, “Газет-журналға қинап жаздырады, адам тыңдамайтын әншілердің концертіне қинап билет сатады. Қандай маман иесі болдық өзі”, — деп жазды ашынған мұғалімдер.