Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов педагогтердің жұмыс уақыты мен жауапкершілік шегін нақтылауды ұсынды. Оның айтуынша, мұғалімдер каникул кезінде, демалыста және түнгі уақытта оқушыларға жауап беруге міндетті болмауға тиіс.
Депутаттың сөзінше, заң жобасының негізгі мақсаты – педагогтің кәсіби міндетін нақты айқындау.
Демалыста және түнгі уақытта мұғалімдеріміз балаларға жауап бермеуге тиіс. Өйткені ата-аналар бар, керек болса, полиция бар. Біздің заң жобасындағы басты ойымыз – осы. Заң бойынша мұғалім балаға мектепте болған уақытында, жалпы оқу процесі кезінде жауап береді. Ал каникул кезінде, демалыста, түнде – ата-анасы жауапты, – дейді ол.
Аймағамбетов кей өңірлерде оқушылардың құқықбұзушылығы үшін мұғалімдер жұмыстан шығарылған жағдайлар болғанын атап өтті. Оның пікірінше, бұл – педагогтің қызметтік міндетіне жатпайтын жауапкершілікті жүктеу.
Мұғалімнің орны қандай? Оның нақты қызметі бар. Кейде ұстаздарды өзен күзетуге шақырған, тіпті ол еңбек демалысы уақыты болған. Мұндай жағдайлар болмауы керек, – деді депутат.
Сонымен қатар, ол педагогтерді өз құзыретіне кірмейтін жұмыстарға тарту мәселесіне тоқталды. Қазіргі заңнамада мұндай жағдайда ескерту ғана қарастырылған.
Ұстаздардан қажет етілмейтін есептерді сұраса, өз құзыретінде жатпайтын жұмысқа тартса, сенбілікке міндеттесе – айыппұл қарастырылмаған, тек ескерту бар. Біздің ұсынысымыз бойынша нақты айыппұл болуға тиіс, – деді Аймағамбетов.
Депутаттың айтуынша, бұл өзгерістер педагог мәртебесін нақты қорғауға және олардың кәсіби қызметіне қатысы жоқ жүктемені азайтуға бағытталған.