Міне, аты-шулы «Мектепке дейінгі балалық шақ» деп аталатын орталық. Балабақшаларды әдістемелік оқулықтармен қамтамасыз етеді. Басшысы Бижан Құрманғалиқызын әріптестері ақша жинайды деп үстінен арызданып жүр. 3 беттік мына шағым Үкіметке дейін жеткен. Соған сенсек, жиналған «жылу» білім министрлігіндегі департамент директорына беріледі екен.
— Мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры Жаңыл Жонтаеваға қомақты сыйлық әзірлеуге, сонымен қатар дарбазаны дәнекерлеуге керек деген желеумен, түрлі сылтаумен ақша жиналады. Астана күні қарсаңында берілетін сыйқаны орталық қызметкерлерінің кейбіріне 100% пайыз жазып, оның 50 % пайызын қайтаруды талап етті.
Алайда, заңсыз ақша жинайды деп айыпталған Бижан Құрманғалиқызы өзіне шаң жуытар емес. Тіпті, тексеріс кезінде арыздағы деректер дәлелденбеген көрінеді.
Бижан Игенбаева, «Мектепке дейінгі балалық шақ» республикалық орталығының басшысы:
— Бізде ондай болған жоқ. Бізде біріншіден, мемлекеттік мекеме. Бізде бюджеттегі ақша қазынашылық арқылы жүреді. Ақша жинау деген болған жоқ.
Ал өзіне бағынышты мекемеден ақша дәметеді деген Жаңыл Жонатаева да өзінше сүттен ақ, судан таза. Білім министрлігінің лауазымды қызметкері тағылған айыпты жоққа шығарды.
Жаңыл Жонтаева, ҚР БҒМ мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры:
– Яғни, сіз бұған ешқандай қатысым жоқ дейсіз бе?
— Қатысым жоқ, менің де..министрліктің де…
Ал басшыларының былығын әшкерелеген қызметкерлер камераға сұхбат беруге қорқады. Жұмыссыз қаламыз деген үреймен. Бірақ домалақ арызын құзырлы органдардың барлығына жолдап қойған. Шағымданушылар іске қаржы полициясы кіріссе бір былықтың табылатына сенімді.