Олардың қатарында Керекудің біртуар ұлдары Жүсіпбек Аймауытов, Шәкен Айманов, Кәукен Кенжетаев сияқты тұлғалар да бар, деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті.
Гастроль шымылдығы Мұхтар Әуезовтің «Абай» спектаклімен ашылды. Театр директоры Есмұхан Обаевтың айтуынша, бұл «Абай» бұрынғыдан өзгерек.
— Бүгінгі «Абай» — жастардың Абайы. Бұл — болмыс-бітімі, табиғаты өзгешелеу, махаббаттың жыршысы болған ақын. Өйткені, пьесада ақынның шығармашылығының композиторлық қырына көп көңіл бөлінді. Спектакльдегі ақын рөлін театрымыздың жас әртістері Ерлан Біләлов пен Азамат Сатыбалды сомдайды, — дейді режиссер.
Расында да, көрермен осы қойылым арқылы еліміздің тәуелсіздік тұғырын биіктетуді армандаған жаңа Абаймен қауышты деуге болады. «Абайдың» қоюшы режиссері — Қазақстанның халық әртісі Есмұхан Обаев. Басты рөльдерді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Е.Біләлов, Дария Жүсіп, «Тарлан» сыйлығының лауреаты Н.Қарабалина, еліміздің еңбек сіңірген қайраткерлері Бекжан Тұрыс, Дулыға Ақмолда, сондай-ақ Б.Айтжанов, Е.Дайыров, тағы басқа әртістер сомдады.
Сондай-ақ, керекуліктер осы сапар барысында Ғабит Мүсіреповтің «Махаббат дастаны», Исрайл Сапарбайдың «Сыған серенадасы», Болат Жәкиевтің «Жүрейік, жүрек ауыртпай», Медеу Сәрсекенің «Тендерге түскен келіншек» және Гогольдің «Үйлену» спектакльдерін тамашалайтын болады.
Театр ұжымы осы сапарында Ақсу, Екібастұз қалаларында, сондай-ақ бірқатар ауылдарда болады. Ал гастроль шымылдығы 27 мамыр күні Жүсіпбек Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрының сахнасында қойылатын «Абай» драмасымен жабылады.