Айтуынша, оның қолында бар айғақтар аталған тұлғалардың шынайы болмысына әшкере етеді деп жазады "Адырна".
Аталған басылым ақынның хатын еш өзгеріссіз жария еткен.
"Ащы шындық мынада. Егер біздер, ұлтымыздың пайымды, парасатты адамдары бірлесіп, шектен шығып кеткен рулық сезімдерге тосқауыл қоя алмасақ, болашақта ұлтымызды сақтап қала алмасымыз айқын.
Жуырда бір топ жазушылар – Төлен Әбдікұлы, Дулат Исабеков, Қабдеш Жұмаділов, Темірхан Медетбек бәріміз бірлесіп, Қазақстан Жазушылар Одағын 23-ақ жыл басқарған, сонда да «Мәңгілік төраға» болып қала беруді армандаған, Қазақстан жазушыларының демалыс үйін 49-ақ жылға шетелге жалға берген, жазушыларға тиісті 15 гектар алма бағын, кезінде қала әкімі Храпунов: «Жазушыларға тигізген көмегім болсын!» – деп сыйлаған үлкен базардың көзін жойған Нұрлан Оразалинге қарсы шығып, қызметінен тайдырдық. Оның орнына шындық биігінен көрініп жүрген Ұлықбек Есдәулет деген ақынды бекіттік", — деп жазды ол.
"Мына қызыққа қараңыздар. Біз орнынан тайдырған Нұрлан Оразалин мен атақты ақын Мұқағали Мақатаевтың руласы екен. Енді сол Оразалин Жанарбек Әшімжанмен және бір топ руластарымен бірлесіп, «Шаханов Мұқағали Мақатаевқа қызғанышпен күйе жағып отыр.» – деп менің шыншыл рухта жазылған «Мұқағали Мақатаев пен Жұқағали Бұқатаев туралы ойтолғау» атты өлеңімнің ішіндегі мына жолдарды алға шығарыпты:
«Жазушылар Одағында,
Оянсын деп жастардан дара тұлға,
Бір топ жарқын жас өскіннің жырын талдап жатқанда,
Мұқағали кіріп келді, ұқсап бақыт тапқанға.
– Осындағы әрқайсысың бір-бір сомнан бересің,
Ал, әйтпесе кім болсаң да көресіні көресің! –
Дедідағы жиындағы жұртты түгел санады.
– Алпыс бес жан… алпыс бес сом ұсынсаңдар болады!
Сол сәтте мен:
– Көріндіңіз бүгін жаңа белестен,
Енді сізді Мұқағали Мақатаев деместен,
Жан аярлық жұқалық мінез көрсеткеніңіз үшін,
Ақша сұрап, бұқалық мінез көрсеткеніңіз үшін
Жұқағали Бұқатаев деп атағым келеді! –
Дедім күліп.
Тек ол сөзім әзіл еді өрелі».
Бұл оқиға айна-қатесіз шындық. Сол жиынға қатысқан ақындардың кез келгені (егер шындығын жоғалтып алмаса) мұны растай алады.
Біз қазақ тілін мемлекеттік тіл ету үшін, Кеңестер Одағы кезіндегі билікпен жағаласып жүргенде, Мұқағалидің арақ ішуден бір сәт те қолы босамады. Нұрлан Оразалин бастаған топ өкілдері ғаламторда, мені санасыз ақынға, тіпті есекке теңепті. Олардың ойынша, Мұқағали аруағын қаралағаным үшін оның руынан, бүкіл қазақ халқынан кешірім сұрауым керек екен. Мейлі, кешірім сұрады деп есептеңіздер. Мұқағалидің бүгінгі даңқы ел арасында биік деңгейде салтанат құра берсін. Руластары қуатты күш жинап тұрған кезде шындық айтылмауға тиіс екен.
Тағы бір қызығы, Мұқағали екеуміздің ортақ тіл тапқанымыз, тіпті оның маған өзгеше батыл тілек білдіргені жайлы жазғанымды, Оразалин бастаған топ мүлде елемеуге тырысып, аттап өтіпті", — деп өз ойын айтты ақын.
Сонымен бірге ол «Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов бастаған жазушыларға тағылған кінә немесе Зылиха апайдың мұңы» деген жырында Мағжан Жұмабаевтың атылып кетуіне Мұхтар Әуезов себеп болғанын жазғанын айтады. Айтуынша, Мағжанның адал жары болған Зылиха өзінің сұқбатында ақынның өліміне Мұхтар себеп болғанын жеткізген.
"Бұл кітап қазір менің қолымда. Әлде осы ащы шындықты ешкімге сездірмей бұғып жата беруіміз керек пе еді?!", — деп жазады ол.
"Бұл өлеңдердің ешқайсысы ойдан шығарылмаған. Өзім куә болған, немесе қолға түскен шыншыл фактілер негізінде жазылған. Бірақ Нұрлан Оразалиннің басшылығымен жақтастары, ұлтымыздың ұлы ақыны Абай атамыздың кейбір пайымсыз туысқансымақтары, Жамбыл ақынның жақынсымақтары, Мұхтар Әуезовтің, Сәбит Мұқановтың, Әбділда Тәжібаевтың, Ғали Ормановтың бауырсымақтары тұс-тұстан жабыла үн қосып, ғайбаттауда.
"…Әлеуметтік желідегі түрлі парақшаларда «Шахановтың пенделігі оянып, атақты тұлғалардың бәріне қызғанышпен қарай бастады.» деп, мен сорлыны есекке, хайуанға теңепті. Сонда біз атақты адамдардың кемшілігін ауызға алмай, тек мақтай беруіміз керек екен ғой. Онда елімізде шыншылдық арнасы мүлде жойылып, ұлтымыз бейшара күйге түспей ме?", — деп жазды ол.
Оқи отырыңыз: