Жарияланды: 460

Мұхтар Шахановқа «Түркі әлеміне дара қызметі үшін» халықаралық сыйлығы берілмек

Мұхтар Шахановқа «Түркі әлеміне дара қызметі үшін» халықаралық сыйлығы берілмек

Қазақстанның халық жазушысы, Қырғызстанның халық ақыны, «Түркі тілдес халықтар арасындағы ең үздік әлем ақыны» атағының иегері, қоғам қайраткері Мұхтар Шахановқа енді «Түркі әлеміне дара қызметі үшін» халықаралық сыйлығы берілмек.

Түркі әлемі жазушылары мен өнер қайраткерлері қоры (TÜRKSAV) президенті Яхья Акенгиннің хабарлауынша, ол мамыр айында АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында өтетін «Түркі күні» атты мәдени-ғылыми конференцияда табыс етілетін болады. Бұған дейін Мұхтар Шахановқа 2006 жылы Әзірбайжандағы «Вектор» халықаралық академиясында Түркия, Әзірбайжан, Солтүстік Кипр мемлекеттері атынан «Түркі әлеміне сіңірген ерен еңбегі үшін» деп аталатын алтын медаль мен аталған академияның құрметті докторы атағы берілген болатын. 1942 жылы 2 шілдеде Оңтүстік Қазақстан облысы Ленгір ауданы Қасқасу ауылында өмірге келген Алаш жұртының заңғар ақынының 70 жылдық мерейтойына орай өткен жылы 300-ге жуық мектепте іс-шаралар өткен болатын. Ол бүгінгі таңда шығармалары ең көп оқылатын және шет тілдерге де көп аударылған ақын болып саналады. 1959 жылы «Сырдария» деп аталатын тұңғыш өлеңін жариялаған М.Шаханов 1972 жылы Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанып, КСРО халық депутаты, КСРО Жоғарғы Кеңесінің мүшесі, Қазақстаның халық депутаты және ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болды. 1993-2003 жылдары Қазақстанның Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін атқарған, бүгінгі таңда «Жалын» журналының бас редакторы болып жұмыс жасайды. Сондай-ақ М.Шаханов әлем ойшылдарының басын біріктіретін «XXI ғасыр және Руханият» атты халықаралық элита клубының президенті.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін