Мұхтар Тайжан: Халықтың қолдауының арқасында Ұлттық кеңеске шақырту алдым - kaz.caravan.kz
  • $ 447.4
  • 477.55
+8 °C
Алматы
2024 Жыл
18 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Мұхтар Тайжан: Халықтың қолдауының арқасында Ұлттық кеңеске шақырту алдым

Мұхтар Тайжан: Халықтың қолдауының арқасында Ұлттық кеңеске шақырту алдым

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды.

  • 18 Шiлде 2019
  • 419
Фото - Caravan.kz

Ұлттық қоғамдық сенімде қандай мәселелер қозғалады? Осы және өзге де сұрақтарға Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының кандидаты Мұхтар Тайжан Caravan.kz медиа порталының тілшісіне жауап берді.

— Мұхтар аға, кеше ғана елімізде билік пен қоғам арасындағы диалогты қалпына келтіру мақсатында Ұлттық қоғамдық кеңес құрылған болатын. Ұлттық кеңестің тізімінде өзіңізде барсыз, сіз алдымен қандай мәселені қозғамақсыз?

— Меніңше, Қазақстанда бірінші қатарда тұрған мәселе ол әділетті мәжіліс сайлауы. Неге мұндай Ұлттық кеңес құрды? Өйткені, мәжіліске халықтың сенімі шамалы. Осындай қоғамдық талқылау, қоғамдық мәселелер мәжілісте талқылану керек. Сондықтан, мәжілісте халықтың алдында беделі бар адам отыру керек, ол үшін бізде адал сайлау болуы керек. Ондай сайлауды ұйымдастыру үшін не істеу керек? Біріншіден, Сайлау туралы жаңа заң керек, сосын жаңа партиялар туралы да жаңа заң керек. Сол кезде барлық мәселелерді мәжілісте талқылауға болады. Басқа жол жоқ, осылай болу керек.

— "Қап, әттеген ай тізімде осы кісі болуы керек", — еді деген сіздің ойыңыздағы қоғам қайраткерлері болған жоқ па?

— Иә, әлбетте ондай адамдар әлбетте бар. Менен де лайық адамдар болуы мүмкін. Бірақ бұл тізімді дайындайтын мен емеспін ғой. Иә, осы бір кісілер болуы керек еді деген ой болды, бірақ өмір өзі осындай ғой. Қандай мүмкіндік беріледі, сол мүмкіндікті жіберіп алмауға тырысамыз. Қалай болғанда да қазір тізімде лайықты адамдар баршылық. Халықтың алдында жүрген, халықтың алдында беделі бар адамдар осы Ұлттық кеңестің тізімінде бар. Олармен бірге бірігіп жұмыс істейтін боламыз.

—  Қазір халыққа нақты іс керек, нақты нәтиже керек. Маған да құр сөз, бос жиынның түк те қажеті жоқ. Маған да нақты, нақты нәтиже керек. Бірақ оған қалай болса да уақыт керек. Бәрі бірден басталып кетпейді, оған жарты жылдай уақыт кетеді. Осы Ұлттық кеңесті ұзақ күттік қой, енді жарты жыл ғана күтсек нәтижесі болары хақ. Барлық мәселелерді кеңесте айтатын боламын. Үлкен үміт артып отырмын Ұлттық кеңестен, ол өзінің жемісін береді деген ойдамын. Қазіргі таңда Қазақстанға реформа керек, бізге модернизация керек. Өйткені халыққа жұмыс керек, халыққа күнкөріс керек, халыққа баспана керек. Соңғы уақытта соттар әділетсіз болып кетті, жемқорлық көп болып кетті, сыртқы қарызымыз көп болып кетті. Енді біз келесі ұрпаққа, келесі буынға мүлдем басқа мемлекетті қалдырып кетуіміз керек. Қарызсыз, әділетті мемлекет болуы керек. Барлық халыққа тең мүмкіндік болуы керек. Әр азамат тең болуы керек, барлығына бірдей мүмкіндік болуы тиіс. Осындай мемлекетті құрып, мен өз балаларыма әділетті мемлекетті қалдырып кетуім керек. Әйтпесе, өмірдің мәні жоқ, әйтпесе өмір бос кетті деген сөз.

— Тағы қандай мәселелерді аса өзекті деп пайымдайсыз, жалпы Ұлттық кеңес халық үшін үлкен мүмкіндік деп ойлайсыз ба? 

— Экономика тақырыбына болсақ, мемлекеттік шығындар өте көп, азайтуымыз керек. Мемлекеттік сектор экономиканы ұстап тұр, осындай үлкен Мемсектор болатын болса, ел ешқашан дамымайды. Шағын, орта бизнес дамымайды, қозғайтын тақырып өте көп. Бізге мықты тәуелсіз сот жүйесі керек. Сот жүйесі мықты болмаса, инвестиция ешқашан келмейді. Инвестиция келмесе, жұмыс орындары болмайды.Біз ұлттық кеңесте емес, мәжілісте отыруымыз керек. Мәжілісте отыру үшін маған жаңа партия керек. Қазір ондай мүмкіндік жоқ. Бізге беріліп отырған мүмкіндік ол осы Ұлттық кеңес.

— Ұлттық тізімде мәжіліс депутаттары да бар, сіз қозғаған мәселелерге олардың көзқарасы қалай болады деп ойлайсыз?

— Оны олардың өздерінен сұрау керек. Мәселе жеке қарым-қатынаста емес, мәселе мемлекеттің болашағында.

— Ұлттық қоғам тізімінде қоғам қайраткерлері блогерлер бар. Осындай жандарға билік құлақ асады деп ойлайсыз ғой?

— Бізді билік тыңдауға мәжбүр деп ойлаймын. Өйткені, біздің артымызда халықтың тілегі тұр, халықтың арманы тұр. Мен жалғыз емеспін деп ойлаймын. Тізімде менің пікірлестерім көп, бізді сол үшін шақырып отыр ғой. Халықтың қолдауы болмаса, мені бұл ұлттық қоғамға шақырмас еді деп ойлаймын.

— Сұхбатыңызға рақмет!

Соңғы жаңалықтар