Көрмеге Болыс Жанарыс, Бибігүл Нұрмағамбет, Виктор Рампель, Александра, Далия Сурова, Виктор Киль, Елизавета Данилова, Ләззат Сұлтанова, Арлан Амангелдинов, Анжелика Шапедько есімді көркемсурет өнерінің жас өкілдерінің 25 туындысы қойылады. Туындылар әр түрлі техникада жасалған.
Аталған жас таланттардың кейбірі қылқаламды қолдарына алғаш ұстап, көркем өнер табалдырығынан тәй-тәй басып енді ғана аттап келе жатқандар. Сөйте тұра, олардың әрбір картинасы қайталанбас туынды. Ол картиналар — жас таланттардың сол туындыны өмірге әкелу барысындағы жан дүниесінің шынайы, таза көріністері.
Мүмкіндігі шектеулі балалар — өмірдің қатал сынағына ұшыраған жандар, сондықтан да олар қоғамның өздеріне деген айрықша назарына қашан да зәру. Біздің мемлекетімізде мұндай балаларға жан-жақты қолдау көрсету ісі жақсы жолға қойылып келеді. Осы орайда Елбасымыздың: «Олардың болашақ қамын ойлап, жұмыла жәрдем беру — баршамыздың парызымыз»,- деген сөзін айта кеткеніміз жөн. Олар бұл әлемді, қоршаған ортаны өздерінше түсініп, біз мән бере бермейтін елеусіз оқиға, құбылыстардан да бір ерекшелік байқап, оған баға береді.
Шараны ҚР Мәдениет министрлігі және Президенттік мәдениет орталығының қолдауымен «Биік Самғау» қоғамдық қоры ұйымдастырады.