2011 жылы "Қаражанбасмұнай" компаниясы жұмысшыларының ереуілін Түпқараған ауданы соты заңсыз деп тапқан еді. Ереуілді тоқтатпаған мұнайшылар жұмыстан шығарылған. Ал ереуілшілер "заңда көрсетілген, жалақыға қосылуы тиіс 1,8 коэффициентін талап еткендерін" айтқан.
Қолдарына 2011 жылғы сол ереуілден соң жұмысшылармен кездесуге барған Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың "мұнайшылар кінәлі емес, олардың талабы – орынды" деген сөзі мен оның суретін ұстаған бұрынғы ереуілшілер облыс әкімімен кездесуді екі сағаттан астам уақыт күтті. Түске таман олармен облыс әкімі орынбасары Шолпан Ильмуханбетова кездесті.
Ал Human Rights Watch халықаралық ұйымы бұл ереуілдер кезіндегі компания басшылығы әрекеттерін "Компания басшылары бейбіт ереуілге шыққан жұмысшыларды жаппай жұмыстан шығарған. Билік өкілдері бейбіт шеруді күшпен тоқтатуға тырысып, жетекшілеріне түрлі саяси айып таққан. Компания басшылары жұмысшыларын кәсіподақ жиындарына қатысқаны үшін тергеп, қоқан-лоқы көрсеткен. Кейде оларға полиция жәрдемдескен" деп сипаттаған еді.
Маңғыстау облысы Бозащы түбегінде мұнай өндіретін "Қаражанбасмұнай" компаниясының иелері – Қытайдың CITIC (China International Trust & Investment Corp.) Group мемлекеттік инвестициялық корпорациясы мен қазақстандық "ҚазМұнайГаз" барлау өндіру" компаниясы.