Кездесуде "Ресмиден бөлек, бейресми әңгіме айтылды деп ойлаймын" деді саясаттанушы.
Ол бұл туралы Facebook парақшасында жазған, деп хабарлайды Caravan.kz медиа-порталы.
"Ресей Украинаға соғыс аша салысымен-ақ, Қазақстан бұл қақтығыста бейтараптық танытуға тырысуда. Алайда Тасмағамбетов ҰҚШҰ Бас Хатшылыққа барған сәттен бастап, осы баланс ұстау саясатына кері әсерін тигізетін, проресейшіл көзқарастағы мәлімдемелерді айта бастады. “Келісімге келуге Батыстың толассыз қару беруі кедергі” деді, “ҰҚШҰ елдері қару өндірісін бірлесе іске асырса” деді. Бұл мәлімдемелердің барлығы ҰҚШҰ елдерінің Украина-Ресей соғысындағы бейтараптығына кері әсерін тигізеді.
Сондықтан бүгінгі кездесуде ресмиден бөлек, бейресми әңгіме айтылды деп ойлаймын. Ең алдымен Тасмағамбетовтың мәлімдемелерінің сыртқы саясаттағы Қазақстанның қазіргі ұстанымына кереғар екендігі, оның сөздері бізді (ҰҚШҰ мүшесі ретінде) жақын аралықта санкцияға, алыс аралықта тіпті қақтығысқа итермелеу ықтималдығы айтылды-ау. Былайша айтқанда қатаң форматта “мұндайды қысқарт” деуі де мүмкін. Әйтпесе сөздері мен мәлімдемелері елімізге қауіпті болып барады", — деген ой айтты Асхат Қасенғали.
Еске салсақ, бүгін Ақордада мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетовты жабық есік жағдайында қабылдады.