Мұратхан Тоқмадидің банкир Тәтішевті «өлтіру ісі» бойынша сот басталады - kaz.caravan.kz
  • $ 447.4
  • 477.55
+8 °C
Алматы
2024 Жыл
18 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Мұратхан Тоқмадидің банкир Тәтішевті «өлтіру ісі» бойынша сот басталады

Мұратхан Тоқмадидің банкир Тәтішевті «өлтіру ісі» бойынша сот басталады

Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында бизнесмен Мұратхан Тоқмадидің ісі бойынша алдын ала сот тыңдауы басталады.

  • 12 Ақпан 2018
  • 220
Фото - Caravan.kz

Бұл жайында Азаттық тілшісіне облыстық соттың Call орталығынан хабарлады. Мұратхан Тоқмадидің адвокаты Анжелика Әжіғұлова Азаттыққа бұған дейін БАҚ-та хабарланғандай Тоқмадиге Қылмыстық кодекстің 1997 жылғы редакциясындағы 96-баптың 2-бөлімінің «ж» және «з» тармақтары («Алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған, пайда табу мақсатымен, сол сияқты жалданып не қарақшылықпен, қорқытып алушылықпен не бандитизммен ұштасқан адам өлтіру») бойынша айып тағылғанын растады. Сот актілері базасында бұл іс «көпшілікке жабық», ашылмайды.

Адвокат Әжіғұлова Тоқмадидің ісі бойынша тергеу құпиясын жарияламайтыны туралы қолхат бергенін айтып, комментарий беруден бас тартты. Адвокаттың сөзінше, бүгінгі сотта «Тоқмади ісі» ғана қаралады, ал оппозициялық саясаткер «Мұхтар Әблязов ісі» жеке қаралмақ.

«Казстройстекло» компаниясының бұрынғы иесі, жеті ай түрмеде отырған Мұратхан Тоқмадиді былтыр қазанда Алматы соты бопсалады және заңсыз қару сақтады деп айыптап, үш жылға соттаған. Мұның алдында билік бизнесменнің прокурормен «кінәсін мойындайтыны туралы» процессуалдық келісім жасасқанын мәлімдеген.

52 жастағы Тоқмади 2017 жылы 12 маусымда Алматыда арнайы құрылымдардың операциясы кезінде ұсталып, қамалған.

Былтыр қыркүйектің ортасында Мұратхан Тоқмадидің екі адвокатының қылмыстық істен шеттетілгені, ал үшінші адвокаттан «Тоқмадидің өзі бас тартқаны» хабарланған. Туыстары мен жақтастары Тоқмадиге қарсы айыптардың «ойдан құрастырылғанын» айтады.

Былтыр қазан айында КТК телеарнасынан Тоқмадиге қатысты арнайы фильм көрсетілген. Фильмде Тоқмади «ТұранӘлем» банкінің басшысы Ержан Тәтішевті аңға шыққан кезінде «қасақана атып өлтіргенін», ал оған тапсырысты «банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов бергенін» мәлімдеген. БТА Банкінің бұрынғы басшысы, шетелде қуғында жүрген Мұхтар Әблязовті Қазақстан билігі 2017 жылы маусымда «қаржы жымқырды» деп айыптап, сырттай 20 жылға соттаған.


Бұл фильмнен соң Мұратхан Тоқмадидің әйелі Жәмилә Айымбетова Facebook-те КТК телеарнасын сотқа бергенін мәлімдеген. Жәмилә Айымбетова сонымен қатар «Центр-1» сайтындағы былтыр 26 қазан күні жарияланған сұхбатында «Оларға менің күйеуім емес, Мұхтар Әблязов керек» деп мәлімдеген.

Бірақ Жәмилә Айымбетова Азаттық тілшісімен әңгімесінде күйеуінің өтінішімен әзірге Тоқмадиді Ержан Тәтішевтің өліміне қатысты іс бойынша қудалау жөнінде комментарий бере алмайтынын айтқан.

Шетелде қуғында жүрген, өзін Қазақстан билігіне қарсы қоятын Мұхтар Әблязов Интернеттегі мәлімдемелерінде өзіне тағылған айыптарды терістейді және олардың саяси астары барын айтады.

Соңғы жаңалықтар