Жарияланды: 460

«Мұсылман әлемінің бірлігі»-республикалық басылымдарға шолу

Кеше Тәуелсіздік сарайында Ислам Конференциясы Ұйы­мы Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-ші сессиясы өз жұ­мысын бастады. Оған 1,6 млрд. халқы бар Азия, Африка, Еуропа және Оңтүстік Америкадағы мұсылман мем­ле­кет­те­рі­нің 56 елінен 1200-ге жуық делегат, бақылаушы жеті елден, әлем­дік беделге ие басқа да халықаралық ұйымдардан өкілдер қатысты. Сессияда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев құттықтау сөз сөйледі. Осыған орай

ел газеті «Егемен Қазақстанда» «Мұсылман әлемінің бірлігі» деген тақырыппен көлемді мақала жарияланды. Сондай-ақ осы басылымда Елбасының аталған алқалы жиында сөйлеген сөзі де «Бейбітшілік, ынтымақтастық және даму» деген тақырыппен жарияланды. «Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елор­дадағы Ұлттық ғылыми кар­диохирургиялық орта­лық пен жаңа балабақшаны аралап көрді. Елбасы заман талабына сай, 180 орынға ар­налған кардиохирургиялық орталықтағы интервенция­лық кардиология бөлімінің, жү­ректі катетеризациялау зертхана­сы­ның, операциялық залдардың және жан сақтау бөлімінің жұмы­сымен танысты. Мақала «Жұдырықтай жүрекке ем жасайды» деген тақырыппен берілген. *** Ертең Малайзияның Пенанг қаласында ауыр атлетикадан 20 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігі басталады. Төрткүл дүниенің әр түкпірінен жиналған жалынды жастардың дүбірлі додасында Қазақстан құрамасы да бақ сынайды. Осыған орай «Айқын» газетінде «Малайзияда жасындай жарқырауға тиіспіз» деген тақырыппен мақала басылды. «Біздер бұл жарыста кемінде екі алтын алуға тиіспіз. Бұл ретте бапкерлердің тарапынан Александр Зайчиков пен Надежда Ногайдың мүмкіндігі жоғары бағалануда. Сонымен қатар Жазира Жапарқұл мен Ибаргим Берсановқа да зор сенім артылып отыр», - дейді басылымға сұхбат берген мемлекеттік жаттықтырушы Меңдіхан Тәпсірұлы. «Кедендік одаққа мүше үш елдің арасында 2012 жылдан бастап Біртұтас экономикалық кеңістік құрылатын болса, ортақ валютаның дүниеге келуі де алыс емес деген әңгіме шыға бастады», - деп жазады «Айқын» газеті «Орталық валюта» деген мақаласында. Басылымның атап өтуінше, Петербор халықаралық экономикалық форумында Қазақстан Ұлттық банк басшысының орынбасары Данияр Ақышев көп ұзамай үш ел арасында ортақ валюта қабылдау туралы әңгіменің қозғалатынын ашық айтып қалды. *** Адами қағидаға жат педофильдік бүгінде сыналап санамызға да, қоғамымызға да еніп бара жатыр. Сұмдығы сол, мұндай тексіздіктің тамырына балта шабуға қауқарсыздық танытып отырмыз. Қауқарсыздығымыз емей немене, педофильдер әрекеті еліміздің әр бұрышында жиілеп кетсе де, оларға қатысты заңды қатаңдатып жатқанымыз шамалы. Тіпті педофильдердің басым бөлігі ұстатпай кетіп жатса, ұсталғандарына қолданылар жаза қорланған сәбидің ар-ұятымен салыстырғанда тым жеңіл. Міне, осы мәселе «Алаш айнасы» газетінің сәрсенбі күнгі шыққан нөміріндегі «Сәбиді емес, педофильдің құқығын қорғайтынымыз қалай?!» деген тақырыптағы мақалаға арқау болған. Осы басылымның тұрақты «Дат!» айдарында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ғарифолла Есіммен арадағы сұхбат жарияланды. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген халық қалаулысы: «Кең даламызда арзан әрі тиімді үш энергия көзі бар. Бірінші көзі - жел, бұл дамыған елдердің энергия көзінің 20 пайызын қамтып отыр. Екіншісі - су, сосын - күн энергиясы. Бізге шаруашылыққа осыны неге пайдаланбасқа?! Өз басым АЭС салуға кемінде 20 жыл мораторий енгізу керек деп есептеймін. Одан бұрын қолға алынуы үлкен қателік болады. Бұл - менің жеке пікірім», - дейді. Екеуара әңгіме «Технологияны қалаға емес, далаға апаратын кез келді» деген тақырыппен берілген. *** «Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ислам Конференциясы Ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-ші сессиясы аясында ИКҰ Бас хатшысы Экмеледдин Ихсаноғлымен кездесті», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Тараптар екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту және нығайту мәселелерін, сондай-ақ ИКҰ СІМК 38-ші сессиясының күн тәртібін талқылады. «Біз Президент мырзамен Ислам Конференциясы Ұйымының болашақ қызметін талқыладық. Биылғы жылы Қазақстан Ұйымның төрағасы болды. Біз жемісті өзара іс-қимылға сенім артамыз», - деді Э.Ихсаноғлы.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін