Блогер Тортуыл Шоқан Facebook парақшасында тойға шақырсаң, миллиондап ақша сұрайтын танымал әншілер үшін халықтың жағдайы қиындап бара жатқанын көтерді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Ол өз ойын өнер иелерінің бүгінгі гонорарынан бастады. Олардың өнерін көру үшін халық несие алып, жылдап төлеп жүрген мәселені қозғады.
«Тойға, жақсылығыңа жақырсаң миллион ақша сұрайтын «МузАрт» , «Жігіттер», Қайрат, Төреғали, Ә. Әлқожа, Наркенжелерді шақырмаған дұрыс. Наркенже сұрайтын 1 млн теңгені бір адам 1 жыл әрең табады. Қайраттар алатын 5-6 млн теңгені кредит алып берсең оны кемі 5 жыл төлеп, 10 млн қылып қайтарасың», — деді блогер.
Жабық кештерде кім қанша төлейді, шаруамыз жоқ. Бір той-томалақтағы әнші бағасын әр әніне қарай белгілеу керек, болды. «Бір ән —100 доллар» деп бекісе, дұрысы осы дейді блогер.
Сондай-ақ ол қоғамдағы той жасау кезіндегі бақталастық мәселесін ерекше атады.
«Тойдың сәні—ұтымды әзіл, тойымды мәзір, жақсы тілек, күйің келіп берген ақшалай сыйлық емес пе? Ойбой, ананың тойына «анау», мынаның тойына «мынау» келіпті деп, бақталастыққа өзіміз итермелейміз. Тойдың сәні танымал адамдар емес—ағайының, болды. Байдың алдында кедей бүгежектемес үшін жүрген жерімізде әлеуметтік теңсіздіктерге жол бермеуіміз керек», — деп түйіндеді ойын блогер Тортауыл Шоқан.