Ол өз өтінішін әлеуметтік желідегі парақшасына жазды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Елжан бауырым!
Мына масқараны жедел түрде тоқтатпасаң, Қазақ елі мен Қазақ медицинасы күлкіге қалады. Қалай, қайтып тоқтатасың, оны өзің білесің. Жергілікті билік арқылы ма, құқық қорғау органдары арқылы ма, білікті блогерлер арқылы ма, білмеймін, шын болса, мынау өте ұят нәрсе. Еліміздің ЕСІН осыншалықты төмен деңгейге дейін құлдыратпайық.
Әңгіме, түйенің зәрімен емделу туралы. Келе-келе түйе бағып отырған кәсіпкердің (Оңтүстік Қазақстан облысы) айы оңынан туып, шаруашылығындағы түлік төресінің зәріне жұрт кезекке тұрып жатыр дейді, Тенгри ньюстегі ақпарат.
Бұл — нағыз қараңғылық қой.
P.S. Материалға талғажау боларлық бір мысал айтайын.
Брежнев әбден қартайған шағында қасындағы өзі сияқты мәужіреген саяси серіктестеріне "өз зәрімді өзім ішіп емделіп жүрмін, денсаулыққа жақсы екен" депті. Сөйтсе аналар өз зәрлерін өздері іше бастаған ғой. Бірақ Брежнев "алжыған серіктестерім қайтер екен?" деп әдейі айтқан көрінеді. Кейін бұл туралы күнделігіне кекесінді сарынмен түртіп қойған.
Ал, бауырым, іске кіріс. Журналист ағаның жанашырлық сөзі деп біл мұны.
Еске салсақ, бірнеше күн бұрын еліміздегі БАҚ-тардың бірінде түйенің зәрімен обыр секілді қатерлі дертті емдейтін емхана ашылғаны жайлы жазылған болатын.