«Мың бала» олимпиадасы: Ауыл мектептерінің мың оқушысы ҚР жетекші мектептерінде оқуға мүмкіндік алды. - kaz.caravan.kz
  • $ 494.87
  • 520.65
+4 °C
Алматы
2024 Жыл
21 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
«Мың бала» олимпиадасы: Ауыл мектептерінің мың оқушысы ҚР жетекші мектептерінде оқуға мүмкіндік алды.

«Мың бала» олимпиадасы: Ауыл мектептерінің мың оқушысы ҚР жетекші мектептерінде оқуға мүмкіндік алды.

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында «Елбасы Академиясы» корпоративтік қорының басқарушы директоры Әнуар Жанғозин Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың “Ел Үміті” бастамасы жобаларының нәтижелеріне тоқталды.

  • 17 Маусым 2021
  • 1235
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлады.  

Екінші жыл қатарынан Қазақстан Республикасының ауыл мектептеріндегі 5-6 сыныптың мыңдаған оқушысы еліміздің жетекші мектептерінде және тұңғыш Birge Oqý онлайн мектебінде білімін жалғастыруға мүмкіндік алады.

Бұл туралы 2021 жылдың ауыл оқушыларына арналған «Мың бала» Ұлттық олимпиада нәтижелері мен Birge Oqý онлайн мектебінің оқу жылының қорытындылары жарияланған баспасөз конференциясы барысында айтылды.

Естеріңізге салайық, «Мың бала» олимпиадасы ауылдық жерлердегі дарынды оқушылардың қабілетін дамытуға және қолдауға бағытталған. Олимпиада екі жыл ішінде ауыл мектептерінің 5-6 сыныптағы 400 мыңнан астам оқушысын қамтыды. Мақсаты – ауылдық және қалалық мектеп оқушыларының академиялық білімдері мен қабілеттерінің арасындағы алшақтықты азайту.

Биыл олимпиада алғаш рет онлайн форматта өтті. «Олимпиадаға 5-6 сыныптың 150 мыңға жуық оқушысы тіркелді. I кезеңге 96 мыңнан астам оқушы қатысты. Алғашқы кезеңнің нәтижесімен өңірлер бөлінісінде ең жоғары нәтиже көрсеткен 5000 финалист іріктелді. Олардың орташа балы 400 балдан 343 балды құрағанын атап өту керек. Бұл ауыл оқушыларының жоғары дағдылық деңгейін көрсетеді», — деді «Елбасы Академиясы» КҚ басқарушы директоры Әнуар Жанғозин.

II кезеңге 5 мың финалист өтті. Ауылдың ең қабілетті мың оқушысы жеңімпаз атанды. Олар енді еліміздің дарынды балаларға арналған жетекші мектептерінде: Республикалық физика-математика мектебінде, «Білім-Инновация» лицейлерінде және «Дарын» мамандандырылған мектептерінде, Елбасы Академиясы Birge Oqý онлайн мектебінде оқиды.

Ұйымдастырушылар: ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен Нұрсұлтан Назарбаев Қоры мен Елбасы Академиясы.


Сонымен қатар, олимпиаданың 5 мың финалисті Елбасы Академиясының Вirge oqý онлайн мектебінде тегін оқиды. Онлайн мектепте еліміздің ең үздік ұстаздары ауыл оқушылары үшін қосымша сабақ береді.

Сабақтар синхронды және асинхронды форматта ұйымдастырылған. Оқу процесі екі ауысымда жүргізіледі. 2020-2021 оқу жылында 9 мыңнан астам онлайн сабақ өткен. Сабақ жиілігі: аптасына бес сағат. Сабақтың ұзақтығы: бір сағат. Қазір онлайн мектепте 42 мұғалім сабақ береді. Олар өңірлік Назарбаев Зияткерлік мектептерінің, Республикалық физика-математика мектебінің және Нұр-Сұлтан қаласы лицейлерінің ұстаздары.

«Біз дәстүрлі оқытуды онлайн-аналогтармен алмастыруды мақсат етпейміз. Сонымен қатар, онлайн оқыту дәстүрлі мектепті сәтті толықтыра алатынын көрдік. Сондықтан, жақын арада біз 10-11 сынып оқушыларын тек ауыл мектептеріне ғана емес, қала мектептеріне де оқыту үшін жобаны кеңейтуді жоспарлап отырмыз және қосымша 10 мыңға жуық оқушыны, оның ішінде көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларды да қамтуға дайынбыз. Тілдік құзыреттер мен математикалық сауаттылық дағдыларын дамытуға баса назар аударылады. Сондай – ақ, бітіруші сынып оқушыларын даярлау үшін ҰБТ-ның міндетті пәндерін енгізу мүмкіндігін қарастырамыз», — деді Әнуар Жанғозин.