Мыңдаған мұсылманды аяусыз қырған Ратко Младич қолға түсті - kaz.caravan.kz
  • $ 444.22
  • 476.38
+9 °C
Алматы
2024 Жыл
26 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Мыңдаған мұсылманды аяусыз қырған Ратко Младич қолға түсті

Мыңдаған мұсылманды аяусыз қырған Ратко Младич қолға түсті

Босниялық сербтердің бұрынғы әскери қолбасшысы Ратко Младич қолға түсті. Балқан түбегіндегі азамат соғысы кезінде мыңдаған мұсылман мен хорваттарды қырған қанқұйлы қылмыскер 15 жылдан бері Гаага трибуналына ұстатпай жүрген болатын. Ең сорақысы,шетел асты, тау-тасты кезіп жүр деген Младич күні бүгінге дейін Белградтың түбіндегі Лазарево елдімекенінде  жайбарақат өмір сүріп келіпті. Адамзатқа қарсы қылмыс жасаған генерал келесі аптада Халықаралық трибуналға экстрадицияланбақ. 

  • 28 Мамыр 2011
  • 483
Фото - Caravan.kz

Ратко Младичтің қолға түскенін кеше түнде журналистердің басын қосып, шұғыл баспасөз жиынын өткізген Сербия президенті жария етті. Бірақ тұтқындау операциясының қалай жүргенін ашып айтпады. Тек қанқұйлы генералдың осы уақытқа дейін Белградтан 70 шақырым жердегі Лазарево елдімекенінде Милорад Комадич деген бүркеме атпен өмір сүріп келгенін мәлімдеді.

Борис Тадич,Сербия президенті:

Операция сәтті өтті. Бәріңізді құттықтағым келеді. Сербияға қара күйе болып жабысқан тарихтың осы парағының жабылғанына қуаныштымын. Енді біз үшін Еуропалық одақтың есігі ашық деп сенемін. Ал Младичтің күні бүгінге дейін полиция назарына ілікпей, жайбарақат жүруінің себептерін анықтаймыз.

Атын өзгертті демесеңіз, Младич түр-әлпетін жасырмай,ел ішінде еркін жүрген. Тіптіәскери қылмыскерді Гаага трибуналының қызметкерлері тұтқындауға келгенде Лазарево тұрғындары оны қорғап, қарсыласып баққан көрінеді.

Хатиза Мехмедович,Босния тұрғыны:

— Младичтің Сербияда бой тасалап жүргенін бәрі білді. Оған серб билігі қолдау көрсетіп, жасырғаны да баршаға аян. Бейбіт халыққа қару кезенген осындай жауызды сербтердің әлі күнге дейін қаһарман санайтыны өкінішті. Бірақ жауыз қай кезде де жауапсыз қалмаған. Екі дүниеде де жазасын тартады.

Бұрынғы Югославия армиясының генералы,69 жастағы Ратко Младич 1992-1996 жылдары босниялық серб жасақтарына қолбасшылық еткен. Гаагадағы Халықаралық трибунал таққан айыптар да осы төрт жыл ішінде жасалды. Балқан түбегіндегі қақтығыс кезінде, 1995жылы  Младич бастаған сербтер Сребреница қаласына басып кіріп, 12 жастан асқан сегіз мың мұсылман ер-азаматты атып тастаған. Этникалақ тазалау төрт күн бойы жүрді. Ең өкініштісі, сол қанды қырғында БҰҰ бітімгерлік күштері құрамында болған Голландия жауынгерлері еш әрекет етпей, сырттай бақылап тұрған. Сараево қаласын басып алған кезде де серб жасақтары мыңдаған бейбіт мұсылман мен хорваттарды қырды. Ал тірі қалғандарының өзі Младичтің концлагерлерінде азапталды. Естеріңізге сала кетейік, босниялық сербтердің тағы бір жетекшісі Радован Караджич 2008 жылы қолға түсіп, қазір Гаага трибуналы алдында жауап беріп жатыр.  


Соңғы жаңалықтар