Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Журналист бұл туралы өзінің желідегі парақшасында мәлімдеді.
«Елімізде ай-күннің аманында, жылына шамамен 90, ал соңғы 3 жылда 270 әскери қызметші қайтыс болыпты. Әскери прокурорлар оның басты себебін ауру, жол-көлік оқиғасы және өзіне қол жұмсау салдарымен түсіндіреді. Алайда, әскерге сап-сау кетіп, көп ұзамай күмәнді жағдайда қайтыс болған немесе мүгедек боп оралғандардың туыстары бұған сенбейді. Әлбетте, құлағанның бәрі есінен танды дегенге мен де сенбеймін.
Әскерге барар алдындағы міндетті медициналық тексеруден сау өткен жігіттер неге әскерге барғанда ауру боп шығады? Отан қорғау борышын мақтанышпен орындауға барғандар неге жаппай өз-өзіне қол жұмсайды? Неге оның себебі анықталып, салдарына балта шабылмайды? Қашанғы соғыссыз қырыла береміз? Тиісті орындар неге ертегіге сендіргісі келеді? Азап шеккендердің құқын кім, қашан қорғайды?
Әскерге 12 мүшесі сап-сау барып, көп ұзамай мүгедек болып қайтқан Ербаян Хамитұлы есімді азамат қазіргі уақытта төсек тартып жатыр. Қатардағы жауынгердің жағдайы өте аянышты. Мәжіліс депутаты Е.Бәпи осының мән-жайына терең үңіліп, мәселені қолға алудың орнына, “Памперс сатып алу проблема ма?” деп мысқылдай күліп, мазақ етіп тұр. Кеудесі өксікке толы азамат пен оның ет жақындарына кім араша болады сонда?
Әскердегі әлімжеттік мәселесін жасырып, бізде бәрі жақсы деген сыңай таныту — қылмыс. Ал, адам тағдырын мазақ еткен, ел сенімін аяққа таптаған Е.Бәпи сияқты депутаттар мұндай мансапқа лайықсыз деп санаймын», — деп жазды ол.