Жарияланды: 470

Н. Назарбаев: Исламның беделін түсіруге жол берілмеу керек

Исламның беделін түсіруге жол берілмеу керек. Бүгін Елбасы Қазақстан тарапынан осындай көзқарасты білдірді. Астанада өтіп жатқан Дүниежүзілік Ислам экономикалық форумына қатысқан Нұрсұлтан Назарбаев аса өзекті болып отырған - лаңкестікпен күрес мәселесін қозғап, бауырластарды бірлікке шақырды.

Алқалы жиын қасиетті Құран сөздерінен басталды. Қатысушылардың барлығы мұсылман екендерін ерекше атап көрсетуге тырысты. Әйелдердің көбі бастан аяқ жамылып келіпті. Ал кейбір шетелдіктер ұлттық киімдерін де көрсете алды. Бір айтары, қаділді меймандар үшін барынша жағдай қарастырылған. Тәуелсіздік сарайында қосымша намазханалар ашылып, тағамдар халал талабына сай әзірленді. Алайда бүгінгі таңда ислам дінінің тек халал мен хиджаб ұғымдарымен ғана емес, лаңкестік пен экстремизм сынды келеңсіз құбылыстармен байланыстырылып келгені белгілі. Жаһанда мұндай танымның таралуына Батыстағы ақпараттық саясаттың ықпал ететіні де жасырын емес. Бұған қарсылық білдірген мемлекет басшысы арнайы медиалық жобаны дайындау керектігін алға тартуда. Барша мұсылман қауымын біріктіріп, өзара жәрдемдесу үшін,сондай-ақ Ислам даму банкі негізінде азық-түлік қорын қалыптастыру туралы бастама көтерілді. «Ислам әлемі қазір жаңартуды қажет етеді», - деп есептейді Нұрсұлтан Назарбаев.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мен ойлануға шақырамын: жаһандық лаңкестіктің басты мақсаты мен нысаны мұсылман әлемі емес пе? Тап ислам елдерінде жыл сайын мыңдаған жазықсыз адамдар қаза табуда. Ислам мен лаңкестікті ұқсату әділетті ме? Біз бірлескен күштермен исламның, бейбіт, жақсылық, төзімділік және әділ діні ретінде оң бейнесін қалыптастыруға тиіспіз.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін