Онда Бас жүлде — «Қозы Көрпеш — Баян сұлу — 2013» атағын «Ләйл-Мәжнүн» жұбы (Нағима Берікқызы — Дархан Әшірбеков) иеленді. Олар 18 сәуір күні Алматыда өтетін «Бозбала мен бойжеткен» атты қалалық байқауға жолдама алды. Ал 1-3 орынды «Ғажайып сезім» жұбы (Айнұр Тілеп — Елжас Ахметқалиев), «Сезім.TV» жұбы (Нарғыз Ұласбекова -Мерхат Жунусов), «Қыз Жібек пен Төлеген» жұбы (Аңласын Фариза-Мирас Исаев) өзара бөлісті. Бұдан бөлек «Егіз-Лебіз» жұбы (Назерке Тасболатова -Диас Майкеев) «Көрермен көзайымы», «Абай-Тоғжан» жұбы (Кәмшат Әмірова-Аян Серіков) «Үздік өнерлі жұп» аталымы бойынша арнайы марапатқа ие болды.
Аталмыш байқауға еліміздегі қыздарға арналған бірден-бір жоғары оқу орны саналатын ҚазМҚПУ-дың 6 факультетінен өнерлі де, ізетті, сұлу да, сымбатты, халқымыздың салт-дәстүрінен түсінігі мол 6 қызы «Нағыз жігіт» деген ұғымға тең келетін, сұлулықтың сырын ұғына алатын өз жұбымен қатысты. Олар «Ғашықпын шын ғашықпын» деп аталатын бірінші кезеңде өздерінің алғашқы танысқан сәттерін көрсетті. «Шешеннің сөзі ортақ, шебердің қолы ортақ» деп аталатын екінші кезеңде қыздар дәмді тағам жасаудан, жігіттер қол күрестен күш сынасты. Сонымен қатар, берілген сұрақтарға жауап беру арқылы өз білімдерін көрсетті. Ал «Өнер-көкке жеткізер» деп аталатын ақтық кезеңде әр жұп өз өнерін ортаға салды. Оларға Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының актері Әсет Иманғалиұлы, Алматы қалалық «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Арман Халбеков, «Ақсарай» театрының актеры Берік Хамидуллаев, Алматы қаласы әкімдігінің ішкі саясат басқарма бастығының көмекшісі Айдар Исаев және белгілі киноактер Нұржан Аташ төрелік жасады.