"Намыстанып шықтым": Қазақ киносы мән-мағынасын жоғалтып барады - kaz.caravan.kz
  • $ 498.51
  • 522.84
-5 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Намыстанып шықтым": Қазақ киносы мән-мағынасын жоғалтып барады

"Намыстанып шықтым": Қазақ киносы мән-мағынасын жоғалтып барады

Қазақ киносын бақылауға алмасақ, тіліміз бен діліміз өшеді.

  • 26 Маусым
  • 159
Фото: ашық дереккөз

33 жыл бойы қазақ киносына нұқсан кеп болған, батпаққа батқан. Енді өкімет осы батпақтан шығудың жолдарын қарастыру керек, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Қазақ киносы жеңіл-желпі комедиялар мен «ұятсыз» филмьдерге толып кетті. Кино.кз сайтына кіріп, кестеге назар аударсаңыз, шындық екенін түсінесіз. Кейбір көрермендер фильмнен мағына іздемей, тек демалу үшін, күлу үшін баруды дұрыс санайды. Ал қоғам белсенділері, «ұлтым, қазағым» дегендер кино тағдырына алаңдап, қазіргі киноға көңілі толмайды. Саясаттанушы Талғат Жанысбай жақында шыққан қазақ фильміне барып, пікірін қалдырды.

«Өткенде «Еш болмаса кинода-3» фильміне барып, намыстанып шықтым.

Киноның продюссері, актер Қайрат ренжімесін, бірақ фильм мәдениеттен жұрдай. Қазір осы секілді мән-мағынасыз, жеңіл-желпі кинолар қаптады.

Кинода: қауынбас, баклажанбас, бірдеме бас, шірдеме бас, к.т.ң қыс деген былапыт сөздерге толы. Оны көрген жастар не болмақ?! Қазірдің өзінде тик-ток әлеуметтік желісінен шықпайтын жастардың екі сөзінің бірі боқауыз.

Жалпы, Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан бір бақылау болса деймін. Қазіргі киноларда көркем сөз, әдеби сөз деген мүлде жоқ. Көшенің әңгімесін қалай болса солай қыстыра береді. Біздің қазақ тіліндегі әдемі сөздер қайда қалды?

Бұлай жалғаса берсе қазақ киносымен бірге тіліміз бен діліміз өшеді. Сол себепті, режиссерлар мен продюссерлерге талапты күшейту қажет деп есептеймін. Әйтпесе қазақ киносына нұқсан келеді», — деп жазды ол.

Әрине, тарихқа сүйенген, мағыналы туындыларды жоқ дей алмаймыз. Мысалы Алаш арысы Міржақып туралы фильм. Бұл фильм прокатқа шықпай тұрып Qazaqstan телеарнасында үш рет көрсетілді – ерекше қызығушылық болмаған. Алайда кинотеатрларда аншлаг болып, дүрбелең туды. Халық ағылып көруге талпынды. Нәтижесінде туынды 107 миллион теңге жинады.

Дәл қазір үлкен экрандарда «Жамбыл. Жаңа дәуір» фильмі көрсетіліп жатыр.

Қазақ киносының ақсақалы Асанәлі Әшімов соңғы кезде отбасымен бірге отырып отандық киноны көруден қалыпты. Өйткені, төсекте алысқан ер мен әйелдің жыныстық қатынасы ашық насихатталатын болған. Әйгілі актер бұл арсыздықты тоқтату үшін сенаторлардан араша сұрады.

«Қызды айналдыру – өнер, төсекке жату – өмір. Режиссерлар соның ортасын көрсетеді. Ағайындарыңмен көріп отырып ыңғайсыз жағдайға қаласың. Осыны заңмен тыйсақ жақсы болар еді»,- дейді Асанәлі Әшімов.

Сонымен қатар, жаңа заң бойынша, енді режиссерлер өзі түсірген әр фильмнің мазмұнына басымен жауап береді. Және олардан киноға кәсіби актерлерді шақыру да талап етіледі.

Соңғы уақытта ашық түсірілетін фильмдер мен сериалдар қатары артты. Теледидардан көрсетілмесе, ғаламтор арқылы көруге еш тыйым салынбаған. Ал қазақтың менталитетіне сай келе бермейтін «тым ашық» кадрлары бар фильмдер қазақ қоғамы үшін ерсі көрінетіні сөзсіз.