Наурыз банкті сауықтыруға Ресейлік ірі инвестордың қатысу мүмкіндігі бар - kaz.caravan.kz
  • $ 510.18
  • 601.91
-5 °C
Алматы
2025 Жыл
23 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Наурыз банкті сауықтыруға Ресейлік ірі инвестордың қатысу мүмкіндігі бар

Наурыз банкті сауықтыруға Ресейлік ірі инвестордың қатысу мүмкіндігі бар

2004-жылдың 9-қарашасынан бастап үш айға консервацияланған "Қазақстан Наурыз банкі" АҚ-ын сауықтыру шараларына атсалысуға Ресейдің "Внешторгбанкі" қызығушылық танытты. Бұл туралы бүгін, 16-ақпанда Алматыда өткен баспасөз мәслихатында ҚР қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау Агенттігінің төрағасы Болат Жәмішев жария етті,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі.

  • 16 Ақпан 2005
  • 401
Фото - Caravan.kz

Б.Жәмішевтің айтуынша, «Внешторгбанктің» хаты ҚР қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау Агенттігіне кеше, 15-ақпанда ғана келіп түскен. «Хатта Наурыз Банкке қатысты нақты міндеттеме немесе қатаң ұйғарым туралы ештеңе айтылмаған. Внешторгбанк тек қана қазақстандық банктің төңірегінде қалыптасқан ахуалды қарап көруге ниет білдіріпті»,- деді агенттік төрағасы.

Ал ҚР қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау Агенттігі болса, уақытша әкімшілікке Наурыз банктің филиалдық желісін сатуға рұқсат беру туралы шешімді қабылдап та үлгерді. «Консервациялау мерзімінде Наурыз банкке ешбір кіріс кірмей, шығынға ұшырап келгендіктен, біз бірқатар шешім қабылдадық. Соның ішінде банктің филиалдық желісін аукцион арқылы сату туралы шешім де бар»,- деді Б.Жәмішев. Аудиттік тексеруден өткен 2004-жылғы 1-қаңтардағы есеп мәліметтеріне сәйкес, Наурыз банктің филиалдық желісінің құны 1,5 млрд. теңгеге бағаланып отыр. «Жылжымайтын мүлік пен жер бағасы қымбаттауға байланысты банк мүлкінің нарқы қымбаттай түсті»,- деді ол. Алайда, Б.Жәмішевтің айтуынша, жоғарыда аталған хаттың келіп түсуіне байланысты агенттік Наурыз банктің мүлкін сатуға асығыстық танытпайтын болады. «Консервациялау мерзімі екі айға ұзартылды. Внешторгбанк болсын, мейлі басқа инвестор болсын осы мерзімде Наурыз банк акцияларын сатып алуға мүмкіндігі бар».
Дегенмен, Б.Жәмішевтің айтуынша, Наурыз банк акционерлерінің, соның ішінде банктің бұрынғы жетекшісі Оразалы Ержановтың Внешторгбанкпен келіссөздер жүргізгені туралы ақпарат агенттікке бұрыннан мәлім. Соған қарамастан, хат кеше ғана келген. «Егер Внешторгбанк инвестиция туралы шешімді қабылдай алмай ұзаққа кідіріп қалса, онда Наурыз банк бәрібір мәжбүрлі таратылады»,- дейді Б.Жәмішев.
Оның айтуынша, Наурыз банкті сауықтыру үшін талап етілетін 50 млн. доллар — мұқтаж қаржының ең төменгі шегі болмақ.
Б.Жәмішев сонымен бірге ҚР қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау Агенттігі қазақстандық банктің жарғылық капиталына шетелдік банк тарапынан қосуға заң жүзінде мұрсат берілген 50 проценттік шектеуді алып тастауға жол ашатын арнаулы шешім қабылдауға дайын екенін де айтты.

Перейти к новостям спорта