С.Қалмырзаевтың хабарлауынша, тергеу барысында банк клиенттерінің ірі көлемдегі қаржысын тонау деректерінің беті ашылды.
«Беті ашылған деректер банкті консервациялау тәртібін енгізуге банк клиенттерінен алынған қаржыны, заңды және жеке тұлғалардың салымдарын банк басшылығымен аффилиирлік байланысы бар кәсіпорындарды көпе-көрнеу қайтарымсыз қаржыландыру жолымен заңсыз пайдалану оқиғалары негіз болған деген ойға жетелейді»,- деді С.Қалмырзаев. Оның айтуынша, осындай заңсыз әрекеттердің салдарынан тек мемлекеттік кәсіпорындардың өзіне 33 млн. теңгенің шығыны келген.
Қазіргі жағдаймен банк басшыларының бірі қамауға алынды, деді агенттік төрағасы басшының аты-жөнін нақтыламай.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, ҚР қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау Агенттігі басқармаларының қаулысы бойынша 2004-жылдың 9-қарашасынан бастап «Қазақстан Наурыз банкі» АҚ-ын консервациялау тәртібі енгізілді. Ал 2005-жылдың маусым айында банктің лицензиясын кері қайтарып алуға шешім қабылданды. «Наурыз банктің» іс-қызметінде анықталған заң бұзу оқиғалары осындай тәртіп енгізуге негіз болған. Қазір «Қазақстан Наурыз банкі» АҚ-ын тарату мәселесі сотта қаралуда.