Сарытаудағы қандастарымыздың шақыруымен сапар шеккен тасқалалық әншілер Тимур Тапалов пен Хайретдин Сұлтангереевтер «Дедімай-ау», «Құралай», «Ой, көк» сияқты халық әндерін тарту етті. Сарытаулық ағайындар халық әніне сусап қалған екен, жақсы қабылдады. «Айкөркем» бишілер тобының өнері де көпшілік көңілінен шықты. Олардың «Шашу» биі мерекелік бағдарламаның беташары болыпты.
-Сарытаулықтар бізді шекарадан бастап жақсы қарсы алды. Жол полициясы бастап жүрді. «Қазақстандық қонақтарға жол беріңдер!» деп көшедегі көлік қозғалысын тоқтатып та қойды. Ондағы қандастарымыз салт-дәстүрімізді жақсы біледі екен. Танымайтын адамдар болған соң, сәлемдесіп қана қойғанбыз. «Әу, көріспеймісіңдер?» деп, өздері бастап, қол алысып, көрісіп жатты. Қала әдемі екен. Тарихи орындарға бай. Біздің ұлттық киімдеріміз өте әдемі болды. Ауданнан барып тұрған біздің сахналық киімдеріміздің үлкен қала өнерпаздарының киімдерінен де керемет болғанына көңіліміз марқайып қалды, — дейді «Айкөркем» тобының бишісі Әйгерім Сәрсенова.