“Наурыз мерекесін тойлайсың ба деген сұрақ қой”: Дінтанушы теріс ағым өкілін анықтаудың жолын айтты - kaz.caravan.kz
  • $ 493.85
  • 571.78
+2 °C
Алматы
2026 Жыл
10 Наурыз
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
“Наурыз мерекесін тойлайсың ба деген сұрақ қой”: Дінтанушы теріс ағым өкілін анықтаудың жолын айтты

“Наурыз мерекесін тойлайсың ба деген сұрақ қой”: Дінтанушы теріс ағым өкілін анықтаудың жолын айтты

Астана қаласы Дін істері жөніндегі басқарма басшысы Қайролла Көшқали теріс ағым өкілдерін анықтаудың оңай тәсілін айтты.

  • 10 Наурыз
  • 8
Фото: Видеодан скриншот

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Ол «Alqa radiosy»-на берген сұхбатында ұлттық құндылықтардың маңызын айтты.

«Дін істері басқармасының жұмысының бір бағыты — әлеуметтік желіні теріс діни материалдардан тазарту. Мысалы, Қазақстанда теріс діни ағымда жүрген сәләфи бауырларымыздың арасында белсенді түрде «Пайғамбардың туған күнін ешкім тойлаған жоқ, дәстүрімізді, домбыраны харам» деген материалдарды салатындар бар. Біз соларды тазартып отырамыз. Жастарға айтарым, теріс ағымды ажырату үшін сол ортадағы діндар азаматтарға «Наурыз мерекесін, туған күніңді тойлайсың ба» деген сұрақ қой. Егер ол адам «Жоқ, Наурыз мерекесі пайғамбар кезінде болмады» десе, «Домбыраны харам» десе мен үшін теріс ағымның өкілі. Дін дінімен, бірақ өзіміздің ұлттық құндылықтарымыз бар. Сол құндылықтың ішінде Қазақстанның жерін басып жүрген өзі бар. Қазақстың суын ішіп, нанын жеп жүріп, «Домбыра, беташар, тұсаукесер харам» деген мәселелер бізде жүрмеу керек», — дейді ол.

Сондай-ақ, ол Нұрлан имамның «Кімде-кім домбыраны харам десе, оның дұғасы да намазы да қабыл болмайды» деген мәлімдемесіне қатысты да пікір білдірді.

«Біздің түрлі жобаларымыз бар. Теолог мамандарымыз екі жылдан бері «Эфирдегі ақиқат» деген бағдарламаны жүргізіп келе жатыр. Әлеуметтік желіде біздің салт-дәстүрімізге балта шауып жатқан шетелдік уағызшылар, іштен шыққан жаулардың теріс бағыттағы материалдарына контраргументтер жасайды. Мұндай жоба әр өңірде бар. Жергілікті жастар соған тіркелу керек. Мысалы, «Ұстаздар әлемі» деген жобада дәстүрлі бағытта ақпарат беретін еліміздегі мықты ұстаздар, имамдар бар. Нұрлан имамның өзі жүр. Нұрлан имам жастармен өткен бір кездесуде «Кімде-кім домбыраны харам десе, оның дұғасы да намазы да қабыл болмайды» деді. Сосын мен Нұрекеңмен кездесіп, «Неге олай айттыңыз, әлеуметтік желі шулап жатыр ғой» дедім. Ол кісіге тіпті кейбір имамдар да сын айтты. Сонда ол кісі Пайғамбардың мынадай өсиетін мысалға келтірді: Кімде-кім қоғамның ішіне іріткі салса, оның дұғасы да, намазы да қабыл болмайды. «Мен осы өсиетке сүйене тұрып айттым. Домбыраны харам дегендер қоғамға іріткі салып жатыр ғой» деп жауап берді. Сонда ғана түсіндім», — дейді Қайролла Көшқали.