«Наурызбай ауданында жалпы аумағы 153 гектар болатын бос жатқан жер бар. Ол жерге көп қабатты тұрғын үйлер салу көзделіп отыр. Ал қазір жаңадан салынған көп қабатты тұрғын үйлер қалалық желіге жалғанатын болады. Бұл Наурызбай ауданында қалалық өмір сүру салтына сәйкес келетін тұрғылықты ортаны қалыптастыруға мүмкіндік береді», — деді «Алматыгипрогор-1 Жобалау Институты» ЖШС бөлім бастығы Алтай Сатыбалдиев Алматы әкімдігі тарапынан ұйымдастырылған көшпелі жиын барысында.
Сонымен қатар, Наурызбай ауданында ірі сауда ойын-сауық орталығы, спорт-сауықтыру кешенін салу жоспарланған. Қазір, Наурызбай ауданында әкімшілік-қоғамдық орталықтың құрылысы басталып кетті. Бұл орталықтың құрамында аудандық әкімдік, Ішкі істер басқармасы, прокуратура, Халыққа қызмет көрсету орталығы және басқа да нысандар бар. Бұлардан басқа, 1200 орынды 4 мектеп, 320 орынды 8 бала бақша, емхана және жедел жәрдем стансасы салынады.