Семейдегі оқыс оқиғадан кейін қоғамдық жұмыстарға жегілуден шаршаған әр өңірдің мұғалімдері ащы шындықтарын жаза бастады, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
«Жаңа жылдық шыршаны безендіруге мұғалімнен басқа маман жоқ па? Жалпы, халыққа мереке сыйлау әкімшілік қызмет емес пе? Ұзындығы 15 метрлік шыршаны неге қазақ тілі мен әдебиет мұғалімі безендіруі керек?», — деп пікір білдірді Гүлмира Абықай.
Айта кетейік, Семейдегі орталық шыршаны құруға атсалысқан Қуат Айтқали қазақ тілі және әдебиет ұстазы. Жасы 31-де. Ұстаздықпен қатар ақын, республикалық жыр мүшәйраларының жеңімпазы.
5-6 метр биіктіктен құлаған ұстаз реанимациядан палатаға ауыстырылды. Бұл іске қатысты қызметтік тексеріс аяқталды. Нәтижесінде шыршаны безендіруге қатысқан үш мектептің директорларына қатаң сөгіс жарияланды. Семей қалалық білім бөлімінің басшысы қызметінен босатылды, ал осы процесті үйлестірген қала әкімінің орынбасарына да қатаң сөгіс берілді.
Алайда қылмыстық іс қозғалмады. Қуаттың халі қалай болары белгісіз, бас ми жарақаты оңай емес.
Бұл оқиға қоғамның ашуына тиді. Әр өңірдің мұғалімдері массовкадан шаршағандарын айтып, жан айқайларын жеткізе бастады.
«Ешкім өз еркімен бармайды, тапсырма келеді жоғарыдан, барамыз, демалыс күні де тартады».
«Қоғамдық істерге мұғалімдерді тарту әлі де доғарған жоқ. Жаңа жылда әр мектептен әкімшілік шыршаның ашылуына, аяз ата мен ақшақар болуға шақыртады. Қалалық білім бөлімінен тапсырма келеді. Наурыз мерекесінде де алаңды мұғалімдермен толтырады. Қыстың күнінде де олимпиада қояды, сырттан мұғалімдер барамыз деп жол апатына да түсіп жатыр».
«Надоел уже… Бітпейтін концерт, бүкіл жиын. Таразда да сол, кеше шырша жаққанға әр мектептен 10 мұғалім, балабақшадан 4 мұғалім. Күнде бір нәрсе шығады. Күніміз концерт, әкімнің жиналысын көрумен өтеді. Біреудің кітабының презентациясы, массовка».
«Бізде өз еркімен деген жоқ. Жас мамандарды әр жерге тыға береді. Неге өздері істемейді? Ақшасын алады ғой. Біз ит сияқты жұмыстарын істейміз, бес теңге де төленбейді. Тіпті әкімнен алғыс хат та алмаймыз», — деп жарысып жазып жатыр ұстаздар қауымы.

