Назарбаев 12 жылдық білім берудің мүлдем тоқтатылуына қарсы шықты - kaz.caravan.kz
  • $ 522.38
  • 612.6
-1 °C
Алматы
2025 Жыл
13 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Назарбаев 12 жылдық білім берудің мүлдем  тоқтатылуына қарсы шықты

Назарбаев 12 жылдық білім берудің мүлдем тоқтатылуына қарсы шықты

Дарақылықты доғарайық! Үкімет шектен тыс ысырапшылдықты қойып, үнемге көшуі керек. Бүгін Ақордада министрлер, әкімдер мен ұлттық компаниялар басшыларын жинаған Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке осындай пәрмен берді. Кеңесте әлемдік қаржы дағдарысына байланысты бюджет 700 миллиард теңгеге қысқартылатыны айтылды. Сондай-ақ, жарнамасы жер жарған қысқы Универсиада Экспо, Алматы метросына бөлінетін қыруар қаржы да азайтылмақшы. Дүниежүзілік  қаржы нарығындағы ахуал қиындаса да девальвация болмайды деген Елбасы Ұлттық банк төрағасының сөзіне сенетінін айтты.

  • 12 Ақпан 2015
  • 401
Фото - Caravan.kz

Саябырсып қалған Есілдің сол жағалауындағы саяси өмірге жан бітіп, бүгін сүліктей қара қымбат көліктер Ақордаға ағылып жатыр. Сарай ішінде еркін жүрген министрлер, облыс әкімдері мен ұлттық компания төрағаларының өзара қауқылдасуы Нұрсұлтан Назарбаев келгенде сап тыйылды. «Қазақстанда дағдарыс жоқ» деп сөзін бастаған Елбасы, Украинадағы жағдайға байланысты Батыс пен Ресей арасындағы санкция соғысының бізге кесірін тигізіп жатқанын жасырған жоқ. Сондықтан Үкімет үнемге көшіріліп, бюджеттің шығыны 700 миллиард теңгеге қысқартылмақ. Сондай-ақ, ұлы қайраткерлердің датасы болмаса, мемлекет  ақшасын аста-төк тойға судай шашатын пысықайларға тыйым салынады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Егер ата-бабасының мерейтойын өткізетін болса өткізсін. Ағайын-туысқаны жиналып. Болмаса демеушілері  өткізсін. Неге оны бюджеттің ақшасына, яғни жұрттың төлеген  салығына жасау керек. Бердібек, бәрін қарап шешіңдер.

Қиын кезде, 100 миллиард жұмсалатын Қысқы Универсиада, Алматы метросына бөлінген 27 миллиард, ЭКСПО-ға қаралған қаржы көлемі де едәуір қысқарады. Айтпақшы, Елбасы 12 жылдық білім беруден түбегейлі бас тартуға қарсы шықты. Жағдай оңалса, бастаманы қалайда кезең-кезеңімен жүзеге асыру керектігін айтып отыр. Ал жаппай үнемге көшсе де, мемлекет жәрдемақы, шәкіртақы, жалақыны өсірмесе, кемітпейді. Осы жерде Нұрсұлтан Назарбаев, теңге девальвацияға ұшырайды деп өсек таратып жүргендерге сенбеуге кеңес берді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-«Ұлттық банкке»  сенбейтіндей менде еш негіз жоқ. Мен өткен жолы да ескерткен болатынмын, түрлі арандатулар, өсек-аяңдарға сенудің қажеті жоқ. Ондай адамдарды  жауапкершілікке тартуымыз керек. Мен тағы да халыққа айтарым: біз ештеңені де жасырмаймыз. Қиындықтар болса, халықпен бірге көреміз және алда туындайтын мәселені ашық айтамыз.

Халықтың салымына жүз пайыз кепілдік береміз деген президент ұлттық компанияларға банктердегі ақшасын доллармен емес, теңгемен сақтауға пәрмен берді. Есеп айырысу, қаржылық операциялар тек төл валютамен жүргізілуі керек. Премьерден бастап министрлер мен облыс әкімдерін Ақордаға түгел шақыртқан Назарбаев, оларға мемлекеттік қызметті бизнеспен шатастырып, бюджет қаржысын танысы мен туысқандарына үлестіріп беретін орынға айналдырмауды сұрады. Әйтпесе, оның соңы түрмемен тынатынын қатал ескертті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Бүгінде  мен үш облыс әкімінің тергеуде жүргенін айтуға тиіспін.Бюджет ақшасына қатысты. Министрліктер мен ведомстволардың бірқатар басшылары да істі болып жатыр.  Сіздердің олардың қатарын толтырғысы келмейді ғой деп үміттенемін. Қаншама жыл адамды әртүрлі лауазымда дайындайсың, шыдайсың, өсіресің.Олардың істі болуы жеке маған да ауыр тиеді.  "Команда жинап жатырмыз" дейді. Команда сосын бандаға айналады. Атырау облысындағыдай. Сырттан  әкеліп, оны лауазымға тағайындауға дәттерің бармасын. Заңда қалай жазылған, солай жасаңдар.

Осы кеңесте Назарбаев рубльдің құлдырауына орай Ресейден ағылған арзан тауарларға шектеудің қойылмайтынын да мәлімдеді. Жұрт арзан көлік пен  тұрмыстық техникаға қарқ болып жатыр деген Елбасы, отандық бизнестің шығынға батуына байланысты Кремльмен жеке сөйлесеміз деді. Ал бірнеше мәрте министр мен әкімдерді орындарынан тұрғызған президент олардың өздігінен бастама көтермейтініне қынжылды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Әкім бол халқыңа жақын бол деген бар. Мұрныңды көтермей, кердеңдемей, аяғыңның астына қарап жүр. Біз баяғыдай жинап аламыз да, сөйлеп қоя береміз. Ешкім ешқандай ұсыныс жасамайды. Олай болмауы керек. Бір-бірімізді тыңдауымыз керек. Ұнай ма, ұнамай ма басқа мәселе. Соның барлығы елге қызмет істейтін болса тыңдау керек.

Осылайша, Министерлер кабинетін Нұрсұлтан Назарбаев 3 сағат бойы, біраз сілкіп алды. Бос сөзді қойып жұмыс істеуді талап еткен Елбасы, үмітті ақтай алмағандардың дереу отставкаға жіберілетінін де ескертті. Ал Ақордадан зор міндет жүктеп шыққан атқамінерлер әдеттегідей бәрін орындаймыз деп уәде беріп тарқасты. 

Перейти к новостям спорта