Жылда көктемде еліміздегі барлық ұлт өкілдері дәстүрден айнымай Астанаға жиналады. Елбасы дәл осы кездесуде Қазақстанды мекен еткен орыс, кәріс, өзбек, тәжік сынды жүзден астам этностың басын қосып, кеңеседі. Әр минутын алдын ала жоспарлап қоятын президент бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясына сәл кешігіп келді. Сөйтсе, Нұрсұлтан Назарбаев әнші Димашпен кездесіп, кідіріп қалыпты.
“Сессияның алдында Димаш Құдайберген деген баламызды қабылдап, батамды бердім. Қазақ өте жақсы көргеннен құшағына қысып өлтіріп жіберуі мүмкін, содан байқа дедім”, – дейді Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
Димаш «Тәуелсіздіктің 100 тұлғасы» жобасына кіреді деді Елбасы. Ал басқаларға түбегейлі өзгеруге кеңес берді. Ол үшін алдымен қоғамдағы адамдардың сана-сезімін жаңғырту керек. Бірақ, Елбасы экономика, саясатты дамытуға қарағанда азаматтардың арасындағы бәсекелестікті көтеру әлде қайда қиын болатынын айтты. Сонымен, жаңа заманға сай болу үшін әр адам компьютерді иегеріп, ағылшын тілінде еркін сөйлеп, білімді болуы тиіс.
Елбасы сондай-ақ, асыра сілтеп, қыздарға қара орамал жамылып, бетін тұмшалау халқымыздың салт-дәстүріне, болмысына жат әдет екенін тағы айтты. Ал кәсіпкерлерді байыған сайын мәрт болуға шақырды. Ассамблея жиынында қазақтың төл өнері айтыс да сөз болды. Мәселен, ақын Жүрсін Ерман: «шайырлар президентті жырлағанда жұрт қатты қолдайды» деп еді, Нұрсұлтан Назарбаев ондай айтыстарды ұнатпаймын деп тыйып тастады.
“Меніңше, айтыс алдымен облыстарда өтсе, сол жерлерден жеңімпаз шықса, оларды таңдап, республика бойынша көрсетсе, дұрыс болар еді. Кілең дүлдүлдер шығуы тиіс. Оның сөзі әніне сай болуы қажет. Әйтпесе, сендер “Назарбаевты мақтаңдар” деп тапсырма бересіңдер, содан неше түрлі бәлелер айтылып кетеді. Адам тыңдамайтын”, – дейді Қазақстан республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
Бірақ Жүрсін Ерманда тосылып қалмады. Елбасының ескертуін жуып-шаюға кірісті.
“Айтыстарда сіздің портретіңізді жасаған кезде залдағылар уылдап-шуылдап қолдап отырады. Сол кезде , көзіме жас келеді. Мен жағымпаздықтан айтып отырған жоқпын”, – дейді ақын Жүрсін Ерман.
Жағымпаздыққа жаны қас екенін тағы қайталаған мемлекет басшысы бастысы бірлікті көздің қарашығындай сақтау керектігін шегелеп айтты.
Сондай-ақ, президент Қазақстанның интерактивті картасын келесі жылға дейін құруды ұсынды. Электронды картадан кезінде жер ауып келген өзге этностардың қайда шоғырланғанын, өсіп өнгенін, қазақтан қандай қамқор көргенін білуге болады. Сондай-ақ Елбасы Ассамблеяға пиғылы арам діни топтарға қарсы шаралардың жоспарын әзірлеуге пәрмен берді.