Жарияланды: 310

Назарбаев Олландты Астанаға ресми сапармен келуге шақырды

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Франция Президенті Франсуа Олланд кездесу барысында екі елдің сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық келешегін талқылады, деп Қазақстан президентінің баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекет басшыларының кездесуі сәрсенбі күні Н.Назарбаевтың Францияға жұмыс сапары шеңберінде болды. Келіссөздер барысында Н.Назарбаев Франция Қазақстанның жетекші экономикалық әріптестерінің бірі екенін атап көрсетті. Франция біздің экономикамызға 9 миллиард доллардан астам тікелей инвестиция құяды. Қазақстан президенті бұл бағыттағы өзара байланыс шегін бұдан да жоғары сатыға көтеру қажеттігін атап көрсетті. Мемлекет басшысы нақты экономикалық жобаларды талқылады. Н.Назарбаев Қазақстанның үдемелі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасының артықшылықтары туралы әңгімелеп берді. Хабарламада екі елдің байланысын нығайту үшін Астана мен Париж арасында тікелей әуе қатынасын ашу мүмкіндігі талқыланғаны айтылған. Сонымен қатар, Н.Назарбаев Қазақстанның Франциямен білім, зерттеу және инновациялар саласындағы, оның ішінде жоғары оқу орындары деңгейіндегі ынтымақтастығына қызығушылық танытатынын жеткізді. Тараптар әлемдегі қазіргі экономикалық жағдайда дамытудың маңызды бағыттары мен халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелерін тілге тиек етті. Кездесу соңында Қазақстан президенті Франция басшысын Астанаға ресми сапармен шақырды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін