«Бес мемлекеттің аумағымен жүріп өткен бұл поезд ежелгі Жібек Жолын қайтадан жаңғыртты. Отарба жүріп өткен жолмен кезінде біздің ата-бабаларымыз достық құрып, сауда-саттық жасаған»,- деді Қазақстан мемлекет басшысы. Ол Қазақстан мен Түркия «тауар айналымының көлемін шұғыл арттыру мақсатын алға қоюы тиіс» деп атап өтті.
Көрме-поезд Стамбулдан 24-сәуірде шыққан. Ол Иран, Түрікменстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан аумағы арқылы өтіп, Қазастанға жетті. «Форум» көрме фирмасының өкілі Рашид Улкю мырзаның айтуынша, Өзбекстан және Қырғызстандағы оқиғаларға байланысты бұл ел аумақтары арқылы поезд тоқтамай жүріп өтті.
Жібек Жолын қалпына келтіру жобасына Түркия 2,6 млн. доллар жұмсады. 19 вагоннан тұратын көрме-поезд Қазақстанға Түркияда өндірілген 4 мыңдай тауар түрлерін әкелді.
Бұдан әрі поезд Астанаға бет түзеп, 31-мамырда Түркияға оралады.
Сондай-ақ бүгін Елбасының Алматыдағы сарайында Н.Назарбаев пен Түркия үкімет басшысы Р.Эрдоганның келіссөздері өтті. Онда екі жақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды.