Назарбаев: Қазақстанда адамдар жұмысқа «тамыр-танысы» арқылы емес, білімі мен сіңірген еңбегіне қарай орналасуы тиіс - kaz.caravan.kz
  • $ 533.61
  • 621.07
+25 °C
Алматы
2025 Жыл
18 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Назарбаев: Қазақстанда адамдар жұмысқа «тамыр-танысы» арқылы емес, білімі мен сіңірген еңбегіне қарай орналасуы тиіс

Назарбаев: Қазақстанда адамдар жұмысқа «тамыр-танысы» арқылы емес, білімі мен сіңірген еңбегіне қарай орналасуы тиіс

Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда адамдар жұмысқа «тамыр-таныстық» арқылы емес, білімі мен еңбегіне қарай орналасуы тиіс деп ескертті.

  • 27 Сәуiр 2012
  • 1270
Фото - Caravan.kz

«Жұмысқа орналасқанда адамның «тамыр-танысы» мен «берген парасы» емес, сіңірген еңбегі ескерілуі тиіс. Жоғарғы оқу орнына түскенде де, мамандық алғанда да солай болуы керек. Әйтпесе, біз не үшін тест өткізіп жатырмыз?» — деді ол жұма күні ҚХА-ның XIX сессиясында.

Мемлекет басшысы үкіметке осы мәселемен айналысуды және сол бойынша жеке есеп беруді тапсырды.
«Зерттеулерге қарағанда, жұмысқа орналасу мәселесінде халықтың көңілінен шықпайтын жайттар баршылық. Азаматтар жұмысқа тұру үшін мамандығың, сіңірген еңбегің мен алған білімің емес, таныс керек деп есептейді. Олардың ойынша, беделді оқу орындарына да лайықты адамдар түспейді. Бұл мәселенің екі ұшы бар: біріншіден, бұл ЖОО-на түсе алмаған немесе жұмысқа орналаса алмай «сыныққа сылтау іздеген» жігіттің әңгімесі болуы мүмкін; немесе бұл мәселеде әділетсіздік бар деген сөз. Үкімет пен мемлекеттік қызмет агенттігі осы мәселенің анық-қанығын ашып, тәртіп орнатсын», — дейді президент.
«Жап-жақсы білім алып, тіпті шетелде оқып келген жас маман жұмыс таппай, өз мүмкіндігін пайдалана алмай жүретін кездер аз болмайды», — деп қосты ол.
Осыған орай, Н.Назарбаев үкіметке «жастар үшін әлеуметтік лифт қалыптастыру мақсатында заңдық әлеуметтік-экономикалық іс-шаралар топтамасын әзірлеуді» тапсырды.
«Жастар арасында терең зерттеулер жүргізу қажет. Сондықтан Білім министрлігі Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанынан «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығын ашу жайын пысықтауы тиіс», — деді ол.
Елбасының пікірінше, бұл процеске «Жас Отан» жастар қанаты белсенді үлес қосуы қажет.