Жарияланды: 690

Назарбаевтың мінезі

Әлқисса

Авторы: Жандос Құсайынов, "Жақсы" ұлттық порталынан Бәрі фильмнен басталды. Бәлкім, бұл кино көптен ойластырылған, жүйелі түрде қалыпқа салынған идеологиялық соғыстың бір бытырасы ғана. Бәлки, қазақтың қытығына тиіп, төбеден қарап, тағы бір төмпештеп алудың құралы. Әйтеуір, «Орда» фильмі орыс шовинизмінің қазақ ұлтына қатысты көзқарасы мен қарым-қатынасын айқындап берді. Осынша жылдық «достық» деп аталған перденің артында бізге деген жеккөрініштің жатқанын жеткізді Алексий «әулиенің» табынушылары. Енді осы киноның мақсаты айқын. Және оны бірнешеге бөлуге болады. 1. Қазақ тарихындағы орны ерекше Әз Жәнібекті қорлай отырып, қазақ болмысының жабайылығын көрсету. Сол арқылы «қайдан шыққаныңды ұмытпа» дегенге саятын менмендік. 2. Діни алауыздық . Христиан дінін ұстанушылардың мұсылман жамағатына деген жеккөрінішін ояту. 3. Қазақстандық билік пен зиялы қауымның, қала берді қара халықтың реакциясын байқау. «Толерантты қазақтардың» жүйкесін тексеру, яки ашық араңдату. Осы аталғандардың өзі саяси мүдделері тоғысып жататын, аралас-құраластығы қайнаған көршілес екі ұлттың арасына сына қағу үшін жетіп жатыр. Мақсат айқын болатыны осыдан. Әйтпесе, екінші бір «одақтас», «бауырлас» елдің тарихын белден басып, салт-санасын қорлау үшін 12 млн. доллар қаражаттың іздеусіз, сұраусыз, «өнер үшін» жұмсалуы Қожанасырдың да күмәнмен қарауына жетіп жатыр... Сол орыстың өзі «меня терзает смутное сомнение» деуші ме еді осындайда... Ендеше, «Орда» – өнер емес. «Орда» - ол қып-қызыл саясат. Кремльдің саясаты. Жириновский Ресей шовинизмінің бір мүйізін ұстап жүретін Жириновскийдің қазақтарды әлсін-әлсін мазақ етіп, сөзбен түйреп тұратын әдеті бар. «Қазақстан деген ел адамзат тарихында болмаған. Мына өзбектерде ең болмаса Үргеніш, Бұхара секілді қалалар болды. Хандық болды. Ал оңтүстік –Сібірде ештеңе болған жоқ. Бұл Сталиннің ойдан шығарған қиялы. Қазақтарда не мемлекет, не жер болған емес. Қазақстанның солтүстік облыстарының барлығы дерлік орыстың жері». 2005 жылғы Жириновскийдің бұл территориялық қақтығысқа шақыратын арандату пікірі қазақ қоғамында біршама қарсылыққа тап болды. Оны «нон грата» тұлғасы деп танып, Қазақстанға аяқ бастырмау керек деген басталамар да көтерілді ұлтшыл азаматтар тарапынан. Алайда, әркез әлдінің торына түсіп қалмау үшін, әліптің артын бағатын қазақ билігі бұл провакацияны елемегенсіді. Кейінірек, Жириновский қазақтың домбырасын «екі ішек, бір таяқ» деп мазақ етті. Тақыр далада ертеден кеш, не тұшымды сөзі жоқ, қазақтың аңыраған әнінен басқаға жарамайтын қу таяқ деп залдағы жұртты мәз қылды. «Қазақ тілі деген не өзі? Жазба әдебиеті болмаған ұлтта қайдағы тіл?» деп тілдеді. Шынында да, тағы сол «бауырлас», «одақтас» елдің өкпелеуіне, ренжіп теріс айналуына себеп боларлық салмақты сөз. Бірақ қазақ «ақымақпен ақымақ болу –ақылдының ісі еместі» ұстанды. Тағы да әлдінің провакациясы жауапсыз қалды. Енді осындай оқыс қылықтарды, пікірлерді Жириновский өз қалауымен, өз қауға басының жеткендігімен айтты деуге кім сенеді? Себебі, сыртқы саясатын жеті түгіл, мың өлшеп бір кесетін Ресей секілді алып державаның атынан сөйлейтін кез-келген тұлға әр сөзі үшін жауапты боларын біледі. Ендеше бұл тағы... Қазақы мәймөңкелік Орысқа осынша мәймөңкелеген, отырса орындығы, жатса төсегі болған бір ұлт болса, ол қазақ ұлты шығар. Оның тілін өз тілінен ары құрметтеп, тіпті акцентсіз сөйлеуді қанына сінген қасиетіндей етіп қастерлеген бір ұлт болса, ол қазақ ұлты шығар. Бірақ, бұл мәймөңкелік әрқашан аз болып көрінді орыс үшін... Осыдан кеп Кедендік Одақ деп аталатын қазақ тәуелсіздігінің туына қауіпті идеяны енгізді. Зорлап, күштеп қол қойғызды. «Қара қытай қаптаса, ақ орысты ағам дерсің» бар, «демократия орнатам» деп келіп, үйіңде ойран салатын Американың арам пиғылы бар, саралай, екшей келе, кемшілігі мен жетістігі ап-айқын орыстың қолтығынан жақсысы жоқ деп шешті Ақорда. Саяси әлемде әйтеуір біреудің қолтығына кірмесе болмайтынын білетін біздің билік осылайша «үйренген жау атыспаққа жақсы» нақылына тоқталды тағы. Кедендік Одақ жақында ғана қайта сайланған Путиннің империалистік пиғылының бастапқы қадамы ғана болатын. Артын ала ізін суытпай Еуразиялақ Одақ құру туралы бастаманы да жөпелдемелетті. Назарбаевты Еуразиялық одақтың қозғаушы күші деген түсінікті енгізіп, бастаманың авторы қазақ президенті дегенді айтқызудың астарында, өзінің империалистік аранын жасыру жатқанын ел түсінбей отырған жоқ. Назарбаев – құрбандық. Ал Путин Кеңестер Одағының әдемі портретін қалыптастыруды көздейтінін күн өткен сайын ашық көрсетіп келе жатыр. Ресей ғаламторларындағы ұлтшылдар Кеңестер Одағының сапынан соңғы болып шыққан Қазақстан Еуразиялық одақтың құрамына бірінші болып кіруі заңдылық дегенді айта бастады. Қазақстан бастап берген көш доминоның әсеріне ұласып, қалған Ортаазиялық «чуркалар» өзінен өзі топ-топ болып қораға кіре береді деген сыңайдағы шовинистік пікірлердің көптігінен көз сүріне бастады. Тұяқ серпу Ресей мемлекеттік думасының спикері Сергей Нарышкин «Известия» газетіне берген мақаласында жақын аралықта Еуразиялық Одақтың парламентін қалыптастырудың екі кезеңдік үдерісі туралы айтады. «Бұл әзірге Евразиялық парламентаралық ассамблея болуы мүмкін. Алайда, уақыт өте келе, барлық жағдайлар жасалған соң, толыққанды Еуразиялық парламент құрылады» дегенді ұқтырды. Бірақ бұл мәлімдеме Ақорданың пікірінсіз, құптауынсыз айтылғандықтан, іле-шала Ақорда «Нұр Отанның» хатшысы Ерлан Қаринның аузымен алғаш рет тұяқ серпіді. «Еуразиялық парламент ертең де, жақын болашақта да, тіпті ешқашан да болмайды. Себебі, бұл Қазақстанның егемендігіне тікелей қауіпті» деді. Бұған қоса Қазақстан Президентінің кеңесшісі Ермұхамбет Ертісбаев, мәжілісмен Мәулен Әшімбаев және бірқатар қоғам қайраткерлері қарсылық танытты. Ақорда Еуразиялық парламентке қатысты өз позициясын түбегейлі ашық көрсетті: Болмайды. Болуы мүмкін емес! Қаңқу сөз Саясаттағы ауа-райдың ауанын алдымен қаңқу сөз деп аталатын тәсіл құрайды. Бұл тәсіл халыққа арнайы жеткізіледі, бәлкім кездейсоқтық. Бірақ, осындай қаңқу сөздердің шындыққа ұласып жататын кезі жиі. Енді төменде бірнеше қаңқу сөздер топтамасын ұсынып отырмыз. Қаңқу сөз: Соңғы сайлаудан кейінгі Путиннің Қазақстанға қатысты көңіл-күйі күрт өзгерген. Себебі, ол соңғы сайлауда ресейліктердің ең зор қарсылығына тап болды. Беделі төмендеді. Енді ол үшін халықтың сүйкіміне ілінудің екі жолы бар: сырттан жау іздеу немесе орыс империализмін жаңғырту. Путин соңғысын таңдады. Және оны Қазақстаннан бастауды көздеді. Қаңқу сөз: Путин Астанаға жасаған соңғы сапарында қазақ билігіне бұрын-соңды байқалмаған мінез танытқан. 180 градусқа өзгерген, сызданған. Бұның түп-төркіні мынада: Назарбаев әккі саясаткер. Және ол билікте отырғанда Қазақстанды Ресейдің екі асауына өлсе бермейтінін біледі. Алдайды, мерзімді созады. Айла-амалдың бәрін істейді. Қысқасы, Путиннің тісі Назарбаевқа бата алмай тұрған жайы бар. Ал уақыт болса кетіп жатыр. Демек, Путин үшін қазір Қазақстанның тұтқасын Назарбаевтан гөрі, орысқа жағымдырақ, икемдірек біреудің ұстағаны тиімдірек. Осы төрт жылдықта не былай, не былай болуы керек оның ойынша. Қаңқу сөз. Кедендік Одаққа қол қойылғаннан кейін Ресей билігі Қазақстанға қатысты саяси ұстанымын күрт өзгерткен. Қазақстанға жоғарыдан қарап, көп мәселелерді тек ресейлік мүдде тұрғысынан шешуге тырысқан. Тіпті кейбір келісімдерде Қазақстанның пікірін елемей, қол астындағы отар мемлекетпен болатын қарым-қатынасқа жол берген. Қаңқу сөз: Назарбаевтың Ресейге жасаған соңғы сапары сәтсіз болған... (бұл жерде комментарий артық) 200 млн. түрік жамағаты, бірігіңдер! Нұрсұлтан Назарбаев саясат сахнасында, әсіресе, сыртқы саясатта ең бейбіт сүйгіш, ағына да, қарасына да, сарысына да сүйкімі бар тұлға. 20 жыл бойы Қытаймен қысылмай, Америкамен ашық, орыспен ойдағыдай қарым-қатынас орнатқан мемлекет қайраткері. Және осы кезеңге дейін солтүстік көршімен саяси көзқарас, саяси мүдде тұрғысынан пікір қайшылығына бой алдырған емес. Бірақ Түркиядағы соңғы мәлімдемені Назарбаевтың тойып секіргендігінен жасамағаны көрер көзге анық. Орыстың озбырлығы мен ашық ауыз салуға деген ниеті Президент Назарбаевтың оқыс мінез көрсетуіне итермеледі. Себебі, тағдыр тақтасында Қазақстанның тәуелсіздігі, алаш елінің азаттығы жатыр. «200 млн.түркі жамағаты біріксек, әлемде айтарлықтай ықпалды күшке ие боламыз» деу арқылы, Еуразиялық Одақ түгілі, Кедендік Одақтың мәселесін қайта қарауымыз мүмкін дегенді аңғартқандай. «Ресейдің колониясы болған тұста қазақ ұлты тілінен, дінінен, салт-дәстүрінен айырылып қала жаздады» деген сөзі қазір ресейлік БАҚ-тарда Назарабевтың тарапына бұрын-соңды болмаған айыптауларға себеп болды. Әлі қаншамасы болатынына күмәніңіз болмасын. Тіпті жақын аралықта Ресейдің мемлекеттік мінберлерінен де түрлі айыптар тағыла бастауы мүмкін. Бұл әрине, күтілді. Ақорда Түркиядағы мәлімдемені жасауға әбден ойланып, жақсысы мен жаманын өлшеп-пішіп барғаны анық. Аймақтағы геосаяси ахуалда өзекті орны бар Қазақстан үшін Ресейге қатысты саясатын бір күнде өзгерте қоюы оңай шаруа емес. Алайда, Назарбаев бұл мінезі арқылы «бұға бергенге сұға беру» қағидасының Қазақстанға өтпейтінін аңғартты. Түйін. Қысқасы, орыс аюы енді қазақ барысын құшағына алып, демімен тұншықтыруға тырысатыны аян болды. Сырттағы ең жақынымыз деп сыйласқан орыстың бір қолымен сәлем алып тұрып, екінші қолына сойыл жасырып тұрғаны белгілі болды. Қиын жағдай... Жағдай расымен қиын! Долларға қарсы шығамыз деп янкиге ұнамай, басыбайлы жерімізді бермеді деп қытайға жақпай жатқанда, орыс та 20 жылға созылған көпвекторлы, көпактілі ойынымыздан шаршапты. Қайтпек керек? Назарбаев енді кімге басымдық беретінін Түркияға барған ресми сапарында байқатты. Лажсыздан... Сенер ешкімі қалмады. Айтпақшы, бар екен-ау, - 16 млн. халқы бар еді... Тек сол халқы қазір оған тірек болса жарар еді...

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін