Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Журналист өз ойын желідегі парақшасында білдірді.
«Астананың LRT жобасы ұзаққа созылып кетті. Өзбекстан болса әлемдік деңгейдегі инфрақұрылымдық жобаларды уақытылы әрі нәтижелі жүзеге асыруда.
2026 жылы өзбек елінде ұзындығы 465 шақырымды құрайтын жаңа желі іске қосылады. Аса жылдамдықпен жүретін жаңа пойыздар Hyundai Rotem деп аталады. Бұған дейін Ташкент аз қаражатпен тұтас LRT желісін салып үлгірді.
Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы бұл айырмашылық – екі түрлі көзқарасты әрі жауапкершілікті сезіну мен сезінбеуді анық көрсетеді. Жетістікке — қаржыны оңды-солды шашқан емес, мақсат қойып, нақты бағыт алған жетеді.
Неге Өзбекстан жылдам, Қазақстан – баяу? Себебі бірі жылдам қимылдаса, екіншісінің «жоспарлау» кезеңі бітпейді.
Салыстыру үшін:
Астана: 13 жылда LRT әлі салынып жатыр. Жоба құны $1,8 млрд-тан асады. Ұзындығы 18,3 км жеңіл рельсті көлік құрылысы 2011 жылы басталған. Жоба бірде тоқтатылады, бірде қайта қаралады. Әлі нәтиже жоқ.
Ташкент: LRT – 55 км, жоба құны $422 млн. Өзбекстан астанасында 35 стансадан тұратын жеңіл метро желісі аз уақытта салынды. Даңғаза, дақпырт, уәде, сылтау деген болмады.
Өзбекстан 465 км темір жол құрылысын аяқтап қалды.
Бұқара–Үргеніш–Қиуаны қосатын жолда Hyundai Rotem пойыздары сағатына 250 км жылдамдықпен жүйткиді. 2 жыл бұрын басталған жоба 2026 жылы іске қосылады.
Өзбекстан тәжірибесі жұмысты жылдам әрі сапалы істеуге болатынын көрсетеді, егер:
• саяси ерік болса.
• мекемелер келісілген тәртіппен жұмыс істесе.
• сенімді серіктестер тартылса.
• бюрократиялық кедергілер мен сылтаулар жойылса.
Қорытынды: Өзбекстанның жемісті жұмысы – кездейсоқтық емес. Бұл – мемлекеттің үйлесімді жұмысының нәтижесі. Мұнда:
• шешімдер тез қабылданады.
• жауапкершілік мекемелер арасында «жоғалып» кетпейді.
• инвесторларда қорқыныш болмайды.
• концепция әр екі жыл сайын өзгермегендіктен, жобалар мерзімінде бітеді.
Бұл игілікті Қазақ елінде де дер уақытында іске асыруға болады – егер жалған белсенділік жойылып, әр іс қоғам мен ел экономикасының пайдасына шешілсе.
Сол себепті, көрші елдер жүрдек пойыздарды іске қосып жатқанда, бізге де бітпейтін «жоспарлау» кезеңінен шығып, нақты іске көшетін кез келді», — деп жазды журналист.