Немат Келімбетовтың көне әдебиетті зерттеуге қосқан үлесі аса қомақты - Қансейіт Әбдезұлы - kaz.caravan.kz
  • $ 498.51
  • 522.84
-4 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Немат Келімбетовтың көне әдебиетті зерттеуге қосқан үлесі аса қомақты - Қансейіт Әбдезұлы

Немат Келімбетовтың көне әдебиетті зерттеуге қосқан үлесі аса қомақты - Қансейіт Әбдезұлы

Алматыда белгілі жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Гуманитарлық ғылым академиясының академигі Немат Келімбетовтың шығармашылығына арналған "Н. Келімбетов -жазушы, түрколог-ғалым" деген тақырыпта "дөңгелек үстел" отырысы болып өтті.

  • 19 Қараша 2010
  • 1541
Фото - Caravan.kz

Басқосуға еліміздің көрнекті жазушылары, ғалымдар мен ақындар, зиялы қауым өкілдері, жоғары оқу орындарының басшылары қатысты. Отырыста жазушының әдебиет, тарих саласына қосқан үлесі, сонымен қатар Немат Келімбетовтың неміс тіліне аударылған «Үміт үзгім келмейді» атты романы жақында Еуропаның Франц Кафка қоғамының марапатын алғандығы атап өтілді. Аталмыш роман қытай, түрік тілдеріне аударылып, тұсаукесер рәсімдері Ыстамбұл және Бейжің қалаларында өткізілген болатын. Еуропаның Франц Кафка қоғамының марапаты иегерлерінің қатарында бұған дейін әйгілі кинорежиссерлер Стивен Спилберг пен Милош Форман, жапонның атақты жазушысы Харуки Муроками болған.

Сондай-ақ басқосу барысында жазушының қытай, неміс түрік тілдерінде жаңа шыққан кітаптарының тұсаукесері болып өтті. «Үміт үзгім келмейді» деп аталатын хикаят -монологы мен «Ұлыма хат» деген эссесінде өмірге деген құштарлық, ұлттық рух, биік адамгершілік мұраттары сөз болады. «Қариялар» атты эссесінде қарттардың жас ұрпақ алдындағы парасатты парызы, қоғамдағы рөлі айтылады. Ал, «Күншілдік» атты хикаят-диалогында жамандық атаулының қайнар-бастауы күншілдік екендігі нақты деректер негізінде баяндалған.

Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Нұрлан Оразалин: «Сіздің еңбектеріңізді қазақ әдебиетінің абырой-беделіне қосылып отырған үлес деп бағалаймыз. Төсекке байланып, тағдыр сынға алған кездері Сіз рухыңыздың мықтылығының арқасында өзіңізді сақтай білдіңіз, қаламыңызды да қолыңыздан түсірмедіңіз. Қазақтың арғы-бергі ұлы тарихы мен әдебиетін түгендеп, жинаған қазынасынан бірізді ғылым жасадыңыз. Кеңес дәуірінде алдыңызда кездескен қиындықтарға қарамастан, ғылымды, әдебиетті тереңге алып кететін үлкен-үлкен монографияларды дүниеге әкелдіңіз. Әлемге қазақ жерінен қандай ұлылар өсіп шыққандығын, қазақтың бай әдебиеті, бай тарихы болғандығын жеткізе білдіңіз. Сіз нағыз батыр да, батыл зерттеуші қаламгерсіз. Сізді осы қасиеттеріңіз арқылы ел таныды»,-деді.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Қансейіт Әбдезұлының айтуынша, Немат Келімбетовтың көне әдебиеттегі зерттеуге қосқан үлесі аса қомақты. «Қызыл империя тұсында ол кісі түркі, ислам заманына барды, Орхон-Енисей жазбаларын да зерттеді. Ол біздің заманымызға дейінгі жыл санауымыздан мың ғасырға кетіп қалды, соңғы шыққан монографиясында біздің 3 мың жылдық тарихымызды баяндап берді. Сонау сақтар, ғұндар дәуірінен бастап кешегі Мұхамед Қайдар Дулатиға дейінгі, бүкіл қазақ әдебиетінің жүрген жолын зерттеді. Бұл Немат Келімбетовтың әдебиеттегі ерлігі. Немат аға ежелгі дәуір әдебиетінің бірден бір зерттеушісі, ол осы саланың ғылыми мектебінің негізін қалаушы және тұңғыш ежелгі дәуір әдебиеті оқулығының авторы», -деп атап өтті дөңгелек үстел барысында Қансейіт Әбдезұлы. Оның пайымдауынша, бүгін тұсауы кесілген, әр тілде жарық көрген кітаптар қазақ руханияты үшін үлкен оқиға. «Өйткені, бұл әдебиеттану ғылымы саласындағы аударылған алғашқы еңбектер. Енді әлем қазақ көне әдебиетін танитын болды», — деді ол.

Елімізде қаламгердің есімі көпшілік оқырман қауымға әлем классиктерінің үздік шығармаларын қазақ тіліне аударған аудармашы ретінде жақсы мәлім. Ғалымның «Ежелгі түркі поэзиясы және қазақ әдебиетіндегі дәстүр жалғастығы», «Қазақ әдебиеті бастаулары», «Көркемдік дәстүр жалғастығы», «Ежелгі дәуір әдебиеті», «Ежелгі әдеби жәдігерліктер» және тағы да басқа іргелі зерттеулері жарық көрген.