Жарияланды: 500

Неміс сарапшылары мәйіттердің Темірәлиев пен Хасеновтікі екенін қуаттады

Германияның сот-медициналық сарапшылары үстіміздегі жылдың 13 мамырында Алматыда табылған мәйіттер «Нұрбанктік» топ-менеджерлері Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасенновтікі екенін қуаттады, деп хабарлайды Deutsche Welle (DW).

Ақпаратқа сәйкес, Берлиндегі «Шарите» клиникасының сот медицинасы бөлімінің меңгерушісі Михаэл Тсокосбастаған Германияның мамандар тобы 2011 жылдың мамыр айының ортасында Алматыда табылған мәйіттерді зерттеді. Сараптаманың қорытындысы келесідей: мәйіттер қазақстандық «Нұрбанктің» топ-менеджерлері Темірәлиев пен Хасеновтікі екені күмәнсіз. Ақпаратта атап көрсетілгендей, Қазақстанға сараптама жүргізу үшін неміс мамандарының тобы шақырылған, солардың ішінде берлиндік «Шарите» клиникасының сот медицинасы бөлімінің меңгерушісі Михаэль Тсокос та бар. «ДНҚ сараптамасының негізінде екі мәйітті Темірәлиев пен Хасеновтың денелері деп идентификацияладық. Өлімге әрқайсысының басына кигізілген пластик пакеттен тұншығу себеп болды деуге болады. Біз оларға күш қолданылғанын дәлелдейтін, аяқпен, қолмен ұрғаннан қалған іздерді, қабырғаларының сынғанын анықтадық, бұл олардың соққыдан қорғануға тырысқанын көрсетеді», - деп хабарлады М. Тсокос дүйсенбі күні DW-ге өткен дүйсенбі күні. Неміс маманының айтуынша, токсикологиялық сараптама екеуінің де өлер алдында психикаға әсер ететін күшті нейролептиктердің, басқа да фармакологиялық заттардың әсерінде болғанын көрсеткен. Оларға ауырғанды басатын дәрі егілген, «азаптау әдісімен әсер ету барысында ауырғанды басу үшін шығар», деп болжады М. Тсокос. «Тағдыр» қорының және Темірәлиев пен Хасеновтың туған-тауыстарының мүдделеріне өкілеттік ететін Венадағы «Лански, Ганцгер және әріптестер» адвокаттық бюросының қызметкері Анна Цайтлингердің айтуынша, сараптаманың нәтижесі қазір Аустрияда жүрген Рахат Әлиевтің ісі бойынша процестің алдағы барысына әсері маңызды болуы мүмкін. «Бұған дейін Аустрияда бұл тақырыпта көп айтылды. Ешқандай қылмыс жоқ, шын мәнінде Қазақстан билігі айыптаулардың бәрін ойдан шығарып отыр деп айтылды. (...) Бүгін мәйіттер табылып, анықталғаннан кейін, қылмыс жасалды деуге болады. Құрбандар бар - өлтірілген екі адам», - деді А. Цайтлингер DW-ге сұхбат беру барысында. А. Цайтлингердің айтуынша, екінші факт сарапшылардың мәйіттерден азаптау іздерін тапқанында жатыр. Бұл дәлелдер Қазақстанда 2007-2008 жылдары жүргізілген сот процесінің күәгерлері мен қатысушыларының айтқандарымен сәйкес келеді. «Осылайша, мәселе мәйіттердің кімдікі екенін анықтауда емес, «бұл қылмысты Р. Әлиев жасай алды ма?» деген заңды сұраққа жауапта болып отыр. Жоғарыда айтылғанды ескерсек, бұл сұраққа оң жауап беруге болады: жасауы мүмкін. Аустрия үшін мұның мәні бар. Өйткені экстрадициялау мәселесін қарастыру аясында адам айыпты ма, жоқ па деген сұраққа жауап іздемейді. Оны табыстау туралы мәселенің оң шешілуі үшін адамның бұл қылмысты жасау мүмкін екеніне қатысты негізделген күдік болса жеткілікті», - деп түсіндірді адвокат. А. Цайтлингердің пікірінше, мәйіттердің табылуы, олардың жағдайы және ілеспе айғақтар Р. Әлиев пен оның сыбайластары осындай қылмыс жасауы мүмкін екенін көрсетеді. Ал Р. Әлиевтің өзі бұл қылмысқа қатысы жоқ екенін айтып отыр, деп атап көрсетеді Deutsche Welle. «Нұрбанктің» менеджерлерін ұрлауға қатысты іс бойынша сот процесі барысында алынған куәліктердің шындыққа сәйкес келетіндігі-келмейтіндігін түсінуге банкирлердің қаза болған мерзімін нақты анықтау көмектесетін еді. Алайда «бұл бірнеше ай бұрын, немесе 2007 жылдың басында болуы мүмкін. Мәйіттер әктасқа салынғандықтан, сарапшылар олардың қаза болу мерзімін нақтылықпен анықтай алмады», деп хабарлады DW-ге М. Тсокос. Бұрын хабарланғандай, 2011 жылдың 13 мамырында «Қазтелерадионың» Алматы қаласының маңындағы қойма базасының аумағында 3-3,5 метр тереңдіктен 2 адамның мәйіті қазып алынды, олар металл бөшкелерге салынып, үстерінен әктас себіліп, көмілген», - деп хабарлады бас прокуратураның өкілі. «Бастарына қара бас киім кигізілген, денелері полиэтилен пакеттермен оралып, мойындарына жіп пен сым ілінген. Алдын ала тексеру бұл Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновтың мәйіттері деп айтуға негіз береді», - деп мәлім еткен болатын бас прокуратураның ресми өкілі Жандос Өмірәлиев 17 мамырда өткен брифингте. Еске сала кетейік, Нұрбанктің топ-менеджерлері Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасенов 2007 жылдың қаңтар айының соңында із-түссіз жоғалды. Құқық қорғау органдары олардың жоғалуына Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевтің қатысы бар деп күдіктенген болатын, ол банктің ірі акционері болған. 2008 жылдың 15 қаңтарында Алматы қаласының Алмалы аудандық соты «Нұрбанктің» топ-менеджерлерін ұрлады, рейдерлік жасады деп айыпталған Р. Әлиевті мүлкін тәркілеумен, жазасын қатаң тәртіптегі колонияда өтеумен 20 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. 2008 жылдың 26 наурызында Ақмола гарнизонының әскери соты Р. Әливті 20 жылға бас бостандығынан айыру туралы сырттай үкім шығарды. Сот Р. Әлиевті билікті күшпен басып алуға бағытталған әрекеттер, басқа да әскери қылмыстар жасағаны үшін айыпты деп таныды. Атап айтқанда, мемлекеттік құпияларды заңсыз алу және жариялау, атыс қаруы мен жарақтарды ұрлау, билікті, қызмет бабын теріс мақсатта пайдалану, ірі көлемде мемлекеттік мүлікті жымқыру. Рахат Әлиевтің өзі Twitter арқылы «Нұрбанктің» топ-менеджерлерін өлтіруге қатысы жоқтығын хабарлады..«Маған кісі өлтірді деп тағылып отырған айыптауларды мойындамаймын және бұған ешқандай қатысым жоқ деп ресми түрде жариялаймын. Менің өмірім Қазақстан халқына қызмет етуге арналған», - делінген Р. Әлиевтің есіміндегі Twitter парақшасында.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін