Бұл туралы Жоғарғы сот мәлім етті, деп жазды Caravan.kz медиа порталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап.
Талапкердің айтуынша, ол ЖШС-нің бірінде оператор болып жұмыс істейді, жалақысы – 220 мың теңге. Алайда ай сайынғы несиелік төлемдер көлемі 395 мың теңгеге жетіп, оның табысынан едәуір асып түскен.
Сонымен қатар, әйел отбасын қамтамасыз ету шығындарын да өз мойнына алған.
- Несие жүктемесінің шамадан тыс екенін алға тартқан көп балалы ана соттан ай сайынғы төлемдерді азайтып, қарызды өтеу мерзімін 60 айға дейін ұзартуды сұрады. Алайда бес банктің төртеуі бұл талапқа қарсы болды, — делінген жазбада.
Тараз қалалық соты істі қарау барысында талап қоюшының уәждері нақты дәлелдермен расталғанын және оның әрекеттерінен арам ниет байқалмағанын анықтады. Осыған байланысты сот төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдану туралы шешім шығарды. Жаңа тәртіпке сай, қарыз 5 жыл ішінде ай сайын төленетін болады.
Сот шешіміне екі банк шағым түсіргенімен, Жамбыл облыстық соты алғашқы инстанцияның шешімін өзгеріссіз қалдырды.
Сот актілері заңды күшіне енді.