«Қазақстанда жаппай белең алған несиелендіру көлемінің тұрақты әрі үлкен қарқынмен өсу ағымына байланысты қауіпсінген жергілікті банктер Ресей және Қырғызстан сынды тәуекел деңгейі жоғары елдерде халықаралық және аймақаралық операциялар аясын кеңейте түсті»,- делінген агенттіктің есебінде.
Банк саласын реттеу және қадағалау сапасы жақсару сынды тәуекелдерді азайтатын факторларға қарамастан, сыртқы таза міндеттемелер мен таратылған несиелер көлемінің өсу қарқыны мен ауқымы — Қазақстандағы банк секторының активтері құрамындағы берешектер үлесінің арта түскенін көрсетеді. Ал бұл — қаржы секторындағы жағдайдың ушыға түскенін айғақтайтын басты индикаторлардың бірі болмақ, дейді Standard & Poors халықаралық рейтинг агенттігінің несиелік сарапшысы Магар Куюмджян.
Оның айтуынша, соңғы екі жыл бойы Қазақстанның банк жүйесіндегі несиелік берешек көлемінің орташа өсімі жылына 50 проценттен артып отыр. «Елдегі ірі банктерде бұл көрсеткіш тіптен жоғары, мәселен, 2004-жылы «ТұранӘлемБанкі» АҚ-ның бұл көрсеткіші 72 процентті құрады»,- делінген есепте. Агенттік сарапшыларының пікірінше, бұл құбылысты мұнайгаз өнеркәсібі, ауылшаруашылығы мен құрылыс саласындағы өнім мөлшерінің тез өсуіне байланысты ел экономикасының үлкен қарқынмен өсуі, сондай-ақ, экономикалық базаны диверсификациялау қажеттігіне байланысты банк қызметі, шағын және орта бизнес секілді жаңаша бизнес-сегменттердің пайда болуы, орта тап өкілдерінің өсуі мен халықтың әл-ауқатының жақсаруымен түсіндіруге болады.
«Кейінгі жылдары капиталдың басым бөлігі Қазақстандағы өнеркәсіптің шикізат базасын нығайтуға бағытталды. Бұл — ел экономикасының өсуіне түрткі болу арқылы корпоративтік клиенттер тарапынан несиеге деген сұраныстың артуына септігін тигізді. Сонымен бірге республикада Елордасын Астанаға көшіруге және үкіметтің тұрғын үй құрылысын дамытуға бағытталған талпыныстарына байланысты құрылыс саласында серпіліс белең алды»,- делінген есепте. Сарапшылардың пікірінше, тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға байланысты ипотекалық несие секілді бөлшек несие түрлеріне деген сұраныс ұлғайды. «Бүгінгі жағдаймен республикадағы несиелердің 70 проценті корпоративтік клиенттерге беріледі, алайда тұрғындарға берілетін несиелер мөлшері де үлкен қарқынмен өсіп келеді. Капитал рыногының қажетті деңгейде дами қоймауына байланысты қаржылық делдал ролін негізінен банктер атқаруда. Капиталды таратушы басты арна міндетін осы банктер атқарып отыр»,- дейді М.Куюмджян.