Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
45 жастағы Лалагүл Құдайбергенқызы өзінің қарақалпақ ұлты Қазақстанға келін боп түскенін айтады. Екі ұл, екі қыздың анасы Атырау қаласында тұрады. Бүгінде Ұлыбритания еліне барып жұмыс істеп жүрген әйел бұл елде табыстың жақсы екенін айтады.
“Жұмыс жасап, нәпақамды тауып, Қазақстандағы несиелерімді жауып жатырмын аллаға шүкір. Бұрын Қазақстанда түрлі жерлерде аспаз болып та, базарда жүріп те 300 мың теңгені айына алып қанағат еттік. Ал мұнда бұл ақшаны аптасына тауып жатырмын”, – деді ол.
Айтуынша мұнда жұмыс таңғы сағат 4:00-де басталып, түскі сағат 14:00 шамасында аяқталады. Сегіз сағат толық жұмыс істейтін әйел қосымша бір сағаттың тынығу мен тамақтануға берілетінін айтады.
Лалагүлдің оқырмандары оның табысына қызығып қалай бару керектігі туралы сұрақтар жаудырған. Соған сай ол өзі жұмыс істейтін жерді, тұратын орнын, жұмыс істеу тәртібін көпшілікке желі арқылы бөліскен.
“50 жасқа дейінгі адамдардың мұндай жұмысқа келе беруіне болады. Жұмыс қатты қиын да, оңай да емес. Бастысы табысы мол”, – деп қосты ол.
Алайда кей пікірлерде мұның өтірік екенін айтып сенбегендер де болды.
“Мұнда расымен аз сағатқа аз жалақы төлейтін жерлер бар. Сәйкесінше, менен де көп тапқандар болды. Мұның бәрі сіздің қай аймақта жұмыс істейтініңізге байланысты”, – деп жауап берді ол.
Желі қолданушылары “мұғалімдікті тастап осындай жұмыстарға кету керек еді”, “Қалай барсақ болады”, “Сіздің жаныңызда жұмыс істегім келеді” деген түрлі пікірлер қалдырған.
Лалагүл бұған жауап ретінде арнайы сайттар арқылы түйіндеме толтырып, ешқандай ақы төлемей тек электронды почтадан жауап күту қажет екенін, кейін визаға ғана құжат тапсыру жеткілікті екенін алға тартты. Сөз соңында жұмыс үшін ақы сұрайтын алаяқтардан сақ болуды ескертті.