Жарияланды: 580

Н.Назарбаев қазақтың ішкі тұтастығын бұзғысы келетін рушылдық, жершілдіктен ада болуға шақырды

Н.Назарбаев қазақтың ішкі тұтастығын бұзғысы келетін рушылдық, жершілдіктен ада болуға шақырды

Нұрсұлтан Назарбаев елді өңірге бөлгісі келетін күштердің пайда болуына алаңдаушылық танытты.

Бұл жайында ресейлік Жаңалықтар агенттігі хабарлады. Бұған дейін хабарланғандай, шетелдік БАҚ-тар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Астанада 2012 жылғы 14 желтоқсанда елордадағы жаңа опера және балет театрында ҚР Тәуелсіздігі күніне арналған салтанатты жиналыстың барысында сөйлеген «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауына орай бірқатар материал жариялады. «Қазақтың ішкі тұтастығын бұзғысы келетін рушылдық, жершілдік әңгімемен ел бірлігін бүлдіргісі келетін күштердің пайда болуы Елбасы ретінде мені алаңдатпай қоймайды. Ондай жымысқы ниеттілердің айқайына құлақ асып, айтағына ілескен жан әр атаның шежіресін әспеттеп, әр жаққа тартқанын аңдамай қалуы мүмкін», деді Н.Назарбаев Қазақстан Тәуелсіздігінің 21 жылдығына арналған салтанатты жиында. Елбасының пайымынша, ру мен тайпаға бөліну - ұлттық тұтастықтан айырылудың өте қауіпті түрі. «Қазақ шежіресінің түпкі мәнін ұмытпау керек, алып дарақтың бұтақтары сияқты күллі рулардың түбін қуа келгенде, барлығы бір ғана ұлы тамырға - қазақ деген ұлтқа барып тіреледі. Қай шежірені алып қарасаңыз да, ол қазақтың бірлігін, тұтастығын әйгілейді. Шежіре - қазақты бөлшектейтін емес, керісінше, біріктіретін ұғым», деді Н.Назарбаев. «Сондықтан қазақтың бірлігі - елдігіміздің кілті, ең басты мәселесі. Ел бірлігі - ең асыл қасиет. Бірлік, ынтымақ, сабырлылық пен парасаттылық ең алдымен өзімізге - қазақтарға керек. Қазақты ешуақытта сырттан жау алған емес. Қазақ әлсіресе, алауыздықтан әлсіреген, күшейсе, бірліктен күшейген. Үйдің берекесі қабырғасының қиюымен емес, теңінің жиюымен, отбасындағы сыйластықпен, татулықпен кіреді. Мемлекет те солай. Қазақстанның елдігі асқан, ерлігі тасқан, кемел де келісті елге айналуына бізден - қазақтардан артық мүдделі кім бар?!», деді ҚР Президенті.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін